«Қыста жылусыз қаламыз»: ауыл тұрғындары көгілдір отынға зәру

Almaty.tv
Almaty.tv
Ауылда қара түтінге тұншығып, үйі өртенген азаматтар бар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының іргесіндегі елдімекеннің елі қыстың көзі қырауда жылусыз қаламыз ба деп қорқады. Көптен бері көгілдір отын келеді деген көпшілік теңгесін де түгендегелі біраз болыпты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл – Қарасай ауданына қарасты Қаратөбе ауылы. Ауыл орталығындағы он шақты үйге ғана газ тартылған. Ал ақшасын дайындап, құжатын қолына ұстап отырған көпшілікке мердігер компания алғашында «10 адам жиналсын» деген. Талап 35 адамға өсіп, тіпті  «газ тартуға үйдің арасы алыс» деген сылтау айтылыпты.

– Әкімдік өкілдерінің айтуынша, ауылдаға көшелерге құбыр тарту үшін Үкімет бюджеттен ақша бөлуі керек. Содан кейін тұрғындар төлейтін 350 мың теңгеге құбырды үйге кіргізіп береді, – деді Қаратөбе ауылының тұрғыны Ғалия Бақтығалиева.

Ал Елтай округіне кіретін ауылдардың ішінде тек Қаратөбеге газ неге кірмей қалғанын әкімнің орынбасары түсіндіріп бере алмады.

– Көгілдір отын кезең-кезеңмен қосылып жатыр. Мамандар көп тұрғын ақысын төлесе, газды өткіземіз деп уәде берген, – деді Елтай ауылдық округі әкімінің орынбасары Біржан Белғожаев.

– Ақша дайын. Елдің бәрі дайындап, несие алып отыр. Қыс келе жатыр, көмір жоқ. Ол қымбаттап кетті. Не отын аларымызды, не газдың қосылатынын білмейміз, – дейді Қаратөбе ауылының тұрғыны Зиягүл Көшербаева.

– Көшеге не асфальт төселген жоқ, не газ тартылмады. Көршінің үйі пештің салдарынан өртеніп кеткен, – деді Қаратөбе ауылының тұрғыны Сенбай Мағызұй.

Ауылда қара түтінге тұншығып, пеші жарылып, үйі өртенген азаматтар бар. Тұрғындар арыз жазып, облыс-ауданды аралап келсе де, нәтиже жоқ. Ал мердігер компанияның басшысының айтуынша, әр үйге көгілдір отын жеткізу тиімсіз.

– Ауылдың қалған бөлігіне газ жүргізу құбыр болғанда ғана іске асады. Ол үшін қазір жобалық-сметалық құжат дайындалып жатыр. Мемлекеттік сараптама болады. Жұмыс қазанда басталады деп жоспарлап отырмыз. Құбыр тартылған соң, 2024 жылға дейін көгілдір отынды қосып береміз, – деді  «Алматыгазсервис-Холдинг» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Василий Тен

Ауылдаға жалғыз мектепке де көгілдір отын қосылмаған. Қыста балалар күртешемен сабақ оқиды. Оның да құжатты тиісті жерге жіберілген. Жауап әлі жоқ.

Мадина Оқас, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: «Карьер қазылмасын»: ауыл тұрғындары наразылық білдірді

Новости партнеров