Өмірдің жаңа кезеңі: тіркеуде жоқ қария төлқұжатына қол жеткізді

Сурет: Аlmaty.tv
Сурет: Аlmaty.tv
Болат Құлатаевтың мәселесі бір аптаға жетпей шешілді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Құжатсыз жүріп, зейнетке де шыға алмаған қария бүгін жеке куәлігін алды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Болат Құлатаевтың мәселесі бір аптаға жетпей шешілді. Енді ол - Қазақстан Республикасының азаматы, өзіне жауапты жеке тұлға.

Зейнеткер үшін бұл күн өмірдің жаңа кезеңі басталған сәт. Ол 9 жыл құжатсыз жүрген. Жеке куәлігі қолға тигенше көңіл күйі мың құбылды. Сөйтіп әне-міне дегенше, көші-қон қызметінің үстеліне шақырылды. Қағаздарға қол қойған соң, жылдар бойы жете алмай, арман болған құжатын алды. Атамыз сол сәтте абдырап қалғанға ұқсайды, куәлікті ұстаған күйі біраз отырды. Ішкі сезімін сөзбен жеткізу қиынға түсті. 

– Толқып тұрмын, қуанышымды жеткізе алмаймын. Шыны керек, бірінші рет жеке куәлікті қолыма ұстап тұрмын. Қазақстанның азаматы екенімді енді сездім, - дейді Түрген ауылының тұрғыны Болат Құлатаев.

Айта кетейік, ақсақалдың барлық құжаты үйі өртенгенде түгел жанып кеткен. Бұл туралы өткен жұмада айттық. Болат атаның тұрмысын да көрсеттік. Мәселе көтерілді, содан 9 жыл бойы шығуы қиын болған куәлік бір жұмада дайын болды. Көші-қон қызметі себебін былай түсіндірді.

– Бұл кісінің 9 жыл жеке куәлік ала алмау себебі - туу туралы анықтамасының табылмауы. Қазір ол қағаз табылып, жеке куәлігін алды. Ары қарай туу туралы куәлігін қалпына келтіруге өтінім береді, - деді Еңбекшіқазақ аудандық көші-қон қызметінің инспекторы Ержан Омарбеков.

Елде туып-өсіп, туған жерде өмір сүрсе де, Қазақстан азаматы атанған қариядан құжаттың үтір-нүктесіне дейін тексеріп алуын сұрадық. Содан мамандар айтқан кеңеспен басқа да құжаттарын реттеуге кірісті.

Зейнетке шығу үшін енді әскери билетін порталға жүктеп, туу туралы куәлігін алып, банктен есепшот ашу сынды жұмыстар қалды. Қария биыл 65-тен асты. Бір өкініштісі, 2 жыл бойы алмаған зейнетақы қайтарылмайды. Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары өтініш берген күннен бастап есептеледі, заңда солай көрсетілген деді.

Оразай Нұртайұлы, Әлішер Ерғалиұлы, "Алматы" телеарнасы

Оқи отырыңыз: Желтоқсанда қазақстандықтар қанша күн демалады

Новости партнеров