Екібастұз қалалық аймағына қарасты Бесқауға ауылында жылқылардан қауіпті кесел анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қазір өңірде мал етін сатып, сүтін ішуге тыйым салынған. Ал тұтас елдімекен карантинге жабылды. Облыстық ветеринария басқармасының мәліметінше, 14 ақпанда ауылдағы шаруа қожалықтарының бірінде белгісіз дерттен бір жылқының өлімі тіркелген. Қан сынамасынан кейін кеселдің эпизоотиялық лимфангит екені анықталған.
– Бүгінде 4 бас жануардың өлімі тіркелді, ал 22 бас індетке күдікті болып отыр. Республикалық эпизоотиялық жасақ клиникалық көрінісі бар және жоқ делінген індет жұқтырған жануарларды градациялау мақсатында клиникалық тексеру жүргізіп жатыр, – деді облыстық Ветеринария басқармасының бөлім басшысы Самат Мәжіров.
Ветеринарлық-санитарлық ережелерге сәйкес, ауру жұқтырған малдар өртеледі. Ал мертіккен жануардың иесіне өтемақы төленбек. Әзірге карантиннің заңнамаға сәйкес 3 айға созылатыны мәлім. Егер малдан кесел тағы анықталса, режим мерзімі ұзармақ.
Еске салайық, бұған дейін Қарағанды облысында да жылқы малынан осындай дерт анықталып, 200-ге жуық мал қырылып қалған.
Оқи отырыңыз: Жүк көліктері жарысады: Отырау ауданының тұрғындары наразылық танытты