Африкада құдық қазып, бір ауылды шөлден құтқарған қазақ: Шүкірлік еттім

Almaty.tv
Almaty.tv
Африкалықтардың ризашылығына бөленген кәсіпкермен Almaty.tv тілшісі тілдесіп қайтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақ азаматы Африка құрлығында құдық қазып, бір ауылды сумен қамтамасыз етті. Бұған дейін Угандадағы Наноко елдімекенінің халқы лас ауыз судың өзін 5 шақырым жерден тасып, тұтынған. Африкалықтардың ризашылығына бөленген кәсіпкермен Almaty.tv тілшісі тілдесіп қайтты.  

Лас судың өзін 5 шақырым жерден тасып ішіп отырған наноколықтарды қуантқан қазақстандық кәсіпкер Елдос Айбеков осыдан 4 жыл бұрын ауыз суға мұқтаж болып отырған халықтың игі арманын орындауды мақсат тұтыпты.

«Компаниямыз 2018 жылы құрылғаннан кейін негізгі мақсаттарының бірі – құдық қазу болатын. Соған орай біз Африка континентін таңдадық. Өйткені суы тапшы елдердің бәрі сол жақта болғандықтан, экономикасы да басқа мемлекеттермен салыстырғанда өте нашар», - деді кәсіпкер Елдос Айбеков.

Отандастарымыздың атынан сыйға тартылған құдықтың құрылысы ақпан айында басталып, наурызда оның ресми ашылуы өтті. Кәсіпкердің айтуынша, бастапқыда құдықты Кенияда қазу жоспарланған екен. Алайда екі елдің экономикасын салыстыра келе, Уганда мемлекетіне таңдау жасалыпты. Бұған тұрғындар шексіз риза. Мәселен, наноколық Соока Шарифтің 30 баласы бар. Ол Қазақстан туралы бұрын-соңды естімепті. Ал бұл жақсылық ел есімін естен кетірмес дейді.

«Біз таза ауыз суға мұқтаж едік. Мұндай игі іс істеледі деп еш ойламаппыз. Ешкі сауып, қарапайым тұрмыс кешеміз. Мотоцикл, велосипеді барлар өте аз. Суды алыстан арқалап тасып ішетінбіз. Енді балаларымыз да, өзіміз де шексіз бақыттымыз», - деді ауыл тұрғыны Соока Шариф.

Құдықтың салтанатты ашылуынан соң, кәсіпкер балаларға қазақтың көк байрағы мен оқуға қажетті құрал-жабдықтарын да таратты. Сонау Африка құрлығында қайырымдылық шарасын ұйымдастырған азамат бұл сапардан алған әсері ерекше екенін айтады.

«Бастапқыда үрей мен қорқыныш болды. Сезімдердің коктейлі. Түсініксіз. Бір жағынан қорқып, екінші жағынан қуанып тұрдым. Дегенмен, өз мемлекетіміздің бай екеніне, жеріміздің әдемі, көркем екеніне көзім жетіп, шүкіршілік еттім», - дейді кәсіпкер Елдос Айбеков.

Кәсіпкердің Африкаға сапарынан кейін мұндай жобаларға қызығушылық танытып жатқан азаматтар жетіп артылды дейді Елдос Айбековтың өзі. Сондықтан мұндай игі шаруалар әлі де жалғасын табады дегенді алға тартты.

Жанар Ғаниқызы, Әрсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров