Бақытжан Сағынтаевтың «Еркін микрофон» форматындағы кездесулері халықтың көп мәселесін шешті

Сондықтан бұл үрдіс халық тарапынан ыстық ықыласқа ие болды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Тапсырылды - орындалды! Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қалаға басшы болып келген күннен бастап, тұрғындармен «Еркін микрофон» форматында бетпе-бет кездесулер өткізуді қолға алған болатын. Бұл үдерістің халық тарапынан ыстық ықыласқа ие болғаны белгілі. Себебі, көптеген қордаланған мәселелер дәл сол жерде шешімін тапса, басқалары жіті бақылауға алынған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Жетісу ауданының тұрғындарының Бақытжан Сағынтаевпен кездесуі барысында Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесі маңындағы үйлерді сүру мәселесі көтерілді. Азаматтар баспаналарының жойылатынын естігеніне бірнеше жыл болса да, өтемақыларын ала алмай жүргендерін жеткізген еді. Осы басқосуда үйімізге не жөндеу жұмыстарын жасай алмаймыз, не сата алмаймыз деп уәж айтты. Алайда Алматы әкімін бұл сауал тығырыққа тіреген жоқ. Себебі, қала басшысы қордаланған мәселені шешуді, арыз-шағымдар түспей жатып-ақ қолға алыпты.

Араға екі ай салып, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыға іс-сапармен келген кезде, бірақатар нақты ұсыныстар әзірлеген қала басшысы, мемлекет басшысына қалыптасқан жағдайды жеткізіп, ең жоғары деңгейдегі қолдауға ие болды.

«Жолайрық салу үшін 100-ден астам үйді сүру керек. Сол мақсатта нақты айтсақ 124 үйді сатып алу үшін 9,4 миллиард теңге бөлуді сұраймын. Егер тұрғындарға өтемақыны 2020 жылы бермесек, құрылыс жұмыстары тағы созылып кетуі мүмкін», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Көп ұзамай араға бір ай уақыт салып, әлгі сүрілетін үй иелері өтемақыларын алды. Күрмеуі қиын мәселенің шешілгеніне тұрғындар дән риза. Айтуларынша, алған қаражаттары да көңілдерінен шығады.  

«Бүгін өтемақымызды алдық әйтеуір. Негізі 1 жарым жыл бұрын көшіп кетуіміз керек болған. Осы уақыт аралығында үйімізді сата алмай, не жөндеу жұмыстарын жүргізе алмай екіойлы болып жүргенбіз. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевпен кездесуде осы мәселені тез арада шешіп беруін өтіндік», - деді Жетісу ауданының тұрғыны Ольга КУЗНЕЦОВА. 

Еске сала кетейік, Сейфуллин даңғылы мен Жансүгіров көшесінің қиылысында кешкі және таңғы уақытта ұзын сонар кептеліс болып қалатындықтан, қала басшылығы жол айрық салуды ұйғарған болатын. Құрылыс аяқталса, жалпы қалада көлік қозғалысы едәуір жеңілдемек.

Өмір Әнуарбек «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров