Онлайн санақтан өту 15 қазанда тоқтатылады
Елімізде кезекті халық санағының үйді-үйге барып дәстүрлі аралауы басталды. Айта кетейік, биылғы жылдың ерекшелігі тұрғындар сауалнама парағын 1 қыркүйектен бастап онлайн режимде толтырған еді. Осы аралықта Қазақстан халқының 34,48 пайызы сайт арқылы тіркелген. Биыл онлайн форматта алғаш рет өткізілген мұндай әдіс үшін бұл – өте жоғары көрсеткіш дейді мамандар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Онлайн санақтан өту 15 қазанда тоқтатылады. Сол уақытқа дейін мамандар қала тұрғындарынан тіркеуден өтуде белсенділік танытуын сұрайды. Ал 1 қазаннан бастап санақтың дәстүрлі аралау форматы басталды. Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін мамандар үйге кешкі сағат 17.00-ден кейін және сенбі, жексенбі күндері келеді.
«Үйге интервьюер келген жағдайда барлық сұрақтарды үйіңізде қойып отырмайды. Тек санақтан онлайн өткендігіңізді көрсететін хабарламаның нөмерін көрсетсеңіз, сол ғана жеткілікті. Ал онлайн өтпесеңіз, біздің мамандар белгіленген сұрақтарды қоятын болады. Қала тұрғындарынан өзіміздің елдің денсаулығы үшін сұрақтарға жауап берулерін сұраймыз», – деді қалалық Статистика департаменті Ұлттық халық санағына дайындық бөлімінің басшысы Шырын Тіленшиева.
Халық санағын ұйымдастырудағы мақсат – бұл маңызды деген демографиялық көрсеткіштерді нақтылауға мүмкіндік береді. Қайда және қанша жұмыс орнын құру керек екені, қанша тұрғын-үй, мектеп, балабақша, аурухана мен басқа да маңызды әлеуметтік нысандарды салу қажеттігін анықтауға көмектесетін жалғыз тәсіл дейді мамандар.
«Жоқ, әлі өткенім жоқ. Бірақ біз осы мемлекеттің азаматы ретінде әлбетте, санақтан қалмауымыз керек», – дейді қала тұрғыны Ботагөз Мусина.
«Мен осыдан екі ай бұрын өттім. Бүкіл қазақстандықтарға талап қойылып отыр, сол себепті, міндетті түрде өту керек деп ойлаймын», – дейді тағы бір тұрғын Нұрбол Қазбекұлы.
«18 жасқа толмаған қыз балалардан жүктілік туралы сұрайды. Сондықтан қажет емес сұрақтарды қоймаса жақсы болар еді. Маған қиындық тудырған жоқ, бірақ отбасымдағы үлкен кісілерге қиындық тудырды, олар менен көмек сұрады», – дейді тағы бір тұрғын Қарлығаш Ынтықпай.
Айта кетейік, еліміз Тәуелсіздік алғалы халық санағы биыл үшінші рет өткізіліп отыр. Соңғы рет 2009 жылы ұймдастырылған. Енді міне, сол санақ араға 12 жыл салып тағы өтіп жатыр.
Ұлағат Арғын, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы