МИБ-ке көңілі толмаған алматылықтар кезінде өздері сайлаған төрағаның орнынан кетуін талап етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
МИБ жұмысына наразы жұрт дауыс беру арқылы сайлаған төрағамыз өз міндетін атқара алмайды деп шағымданды. Соның салдарынан элиталы саналып келген тұрғын үйде барлығы ескіріп, қарыз да көбейген.
«Көңіліміз қалды. Бізде үйдің ауласы, көлік тұрағы қирап жатыр. Балалар алаңы да жоқ. Құтымыз қашты. Үй сыртындағы қабырға да түсіп жатыр», – деді қала тұрғыны Сәуле Анненков.
Қазір мұнда субұрқақ та істен шыққан. Тіпті, тұрғын үй кешенінің кіреберісіндегі күзетшілер отыратын дүңгіршекке дейін қаңырап қалған.
Ал күзетші кеткелі мына қақпаны ашатын адам қалмаған. Сондықтан бұл жерге жедел жәрдем былай тұрсын, адамның өзі кешкі уақытта өрмелеп кіруге мәжбүр. Ал күзетшінің кеткеніне, тұрғындардың айтуынша, айлықтың қысқаруы себеп болған.
Тұрғындар коммуналдық қызметке уақытылы жасаған төлеміміз бірлестік төрағасының қалтасын қампайтты деп топшылап отыр. Бірақ қауымдастық өкілдері тұрғындардың сөзін жоққа шығарды.
«Қараңыз! Ауыз сумен қамтамасыз ету үшін, күзетшілерге төлеу үшін, қыс мезгіліне дайындалуға қаражат керек. Ал бүгінде тұрғындардың 40 пайызы төлем жасамаған», – деді МИБ төрағасы Ахметнұр Бұлғақбаев.
Төрағаның жауабына қанағаттанбаған жұрт, енді тұрғын үй инспекциясына жүгінбек. Ал ведомство өкілдері бұл мәселені екі тарап өзара келісіп шешу керек дейді.
Оразай Нұртай, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы