Алматылықтар қалада емін-еркін қыдыруларына болады. Олардың қауіпсіздігіне құзырлылар кепілдік береміз деп отыр. Бүгін Алматы қаласының тәртіп сақшылары көшедегі қоғамдық қабылдау акциясын өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бірақ бұл шараның бұрынғылардан өз артықшылығы бар. Бұл жолы олар жолда емес, халық тығыз орналасқан аумақтарда алматылықтармен кездесіп, мазалаған сұрақтарына жауап берді. Олардың негізгісі көші-қон заңнамасының бұзылуы және тұрғын үйлердің бірінші қатарында орын тепкен көңіл көтеру орындарының жұмыс істеу тәртібі туралы болды.
Сондай-ақ қоғамдық қабылдау барысында тәртіп бақылаушылар алматылықтардың қауіпсіздігіне кепілдік беретінін айтты.
«Тұрғындарға айтарымыз бүгінде Алматыдағы жағдай қалыпты, тәртіп сақшыларының қатаң бақылауында. Сондықтан алматылықтар мен қала қонақтары еш нәрседен сескенбей, саябақта, көшелерде дем алуларына болады. Полиция департаменті қауіпсіздік үшін кепілдік береді», – дейді Алматы қаласы ПД ЖПҚ басқармасының аға инспекторы Диас ДУАНБЕКОВ.
Қазіргі уақытта еліміздің Ішкі істер министрлігінде реформа жүргізіліп жатқаны бәрімізге белгілі. Осы ретте учаскелік полиция мәртебесінің қандай болу керектігі турасында әрбір қазақстандықтың пікірі маңызды дейді тәртіп сақшылары. Жергілікті полиция қызметіне әр алматылық өз ұсынысын жазбаша немесе ауызша қалдыра алады.
«Біз қазір учаскелік полиция қызметін жетілдіру бойынша акция өткізіп жатырмыз. Осы ретте әр азаматтың оны қалай елестететіні туралы ұсыныс-пікірлері біз үшін өте маңызды. Сол себепті халықтан сұрайтынымыз, бұл шарадан тыс қалмаңыздар», – деді Диас ДУАНБЕКОВ.