Тоқаев: Жас мамандардың зерттеу жұмысына бөлінетін грант саны артады

04.06.2024 01:38

Мемлекет басшысы мегаполиске жұмыс сапары аясында бірқатар нысандарды аралап, халықпен кездесті

Сгенерировано ИИ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парламенттік Ассамблея кеңесінің қатысушыларымен кездесті. Ресми отырыста халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және елдер арасындағы саяси-экономикалық, идеологиялық байланысты одан әрі нығайту тетіктері талқыланды. Мемлекет басшысы мегаполиске жұмыс сапары аясында бірқатар нысандарды аралап, халықпен кездесті, деп хабарлайы Almaty.tv тілшісі.

Президент қатысқан алғашқы іс-шаралардың бірі қазақ ғылымының қара шаңырағында өтті. Мемлекет басшысы Ғылым ордасын аралап, ғылыми қауымдастықпен кездесті. Өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы екі жылда жас мамандардың зерттеу жұмыстарына көзделген грант саны тағы да көбейіп, бюджеттен 18 миллиард теңге бөлінетінін мәлімдеді. Сондай-ақ кездесудің соңында Президент ғылым жолында елеулі еңбек етіп жүрген 10 адамға жаңа пәтердің сертификатын табыстады.

– Халқымыз қашанда жаңашылдыққа құштар болған. Әрдайым білімге, шығармашылыққа және жасампаздыққа ұмтылған, бірлік пен ынтымақты ту еткен. Бүгінде халқымыздың жоғары білім деңгейі, озық ойлау жүйесі, азаматтардың жауапкершілігі, көп тілді жетік меңгеруі және мәдени әралуандылығы ұлттық бірегейлігіміз бен қазақтың «жұмсақ күші» дейтін ұғымның негізін құрайды. Мұның бәрін бір ауыз сөзбен қазақтың «жұмсақ күші», яғни «soft power» деуге болады, – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Emergency халықаралық стандартына сай тұрғызылған балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының жаңа корпусын аралады. Жаңа ғимарат соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған, тәулігіне 500-ден аса баланы қабылдай алады.

Айта кеткен жөн, соңғы 3 жылда бұл ауруханада емделушілер саны 30 пайызға артқан.

Тәулігіне 15-20 КТ, 10 МРТ зерттеу жүргізуге болады және тәулігіне 30-дан астам рентгендік тексеру жасауға қауқарлы. Жаңа корпустың енгізілуімен қызмет көрсетілетін балалар саны тәулігіне 250-ден 500-ге дейін, екі есеге ұлғаяды, – деді Алматы қаласының әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.

Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Президент Алматыда ұйымдастырылған «Jas Galym. Science Quest» фестиваліне барып, бүлдіршіндерді құттықтады. Ал бүгін Мемлекет басшысы Алматыда Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің парламент палаталарының спикерлерімен кездесу өткізді. Отырыста халықаралық қауіпсіздікті нығайтуға әсер ететін шаралар талқыға алынды. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев ел ішіндегі экономикалық, саяси реформалар жайында сөз қозғап, Қазақстанның ішкі өнімінің көлемі 265 млрд долларға жеткенін мәлімдеді.

Әйкерім Пернебек, Мақсат Күнібек, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Президент Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығын аралап көрді