Шаһар дербес қала мәртебесіне ие болғалы жердің санаты өзгерген
Шымкенттік шаруалар субсидиядан қағылып, шаш етектен шығынға батып жатыр. Шаһар дербес қала мәртебесіне ие болғалы жердің санаты өзгеріп, мемлекеттен берілетін көмек қысқарған. Аймақтағы 17 ірі мал шаруашылығы жұмысын тоқтатуға мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Шымкенттік шаруа Қайрат Азаматұлы мемлекет тарапынан сүттің литріне 30 теңгеден берілетін субсидияны бір жылдан бері ала алмай жүр. Күніне сатылатын 100 сиырдың сүтінен түсетін табыс қара малдың жем-шөбінен артылмайды. Ал жаз басталғалы кіріс азайған. Шетелден келетін сүт өнімдерін алмастырғыш арзанқол қоспалар шаруаны мүлдем шығынға батырыпты.
– Есептейтін болсақ, 1 басқа бір күнге 3,5 мың теңге кетеді. Сүттті 160-180 теңгеге сатамыз. Жеген жем-шөбін ақтамайды. Жабайық десек, несиеге алынған малдар. Оны сатсақ банкрот боламыз, – деді шаруа қожалығының зоотехнигі Қайрат Азаматұлы.
Қаладағы 30-дан астам сүт фермасының жағдайы мүшкіл. Асылтұқымды сиыр өсіріп, сүт сауып отырған шаруашылықтың дені қала ұлғайып, облыстан бөлінгенде шаһар аумағына қосылған. Меншігінде жайылымы мен егістіктері де бар. Бірақ электронды портал олардың жері елдімекен деп өтінімді қабылдамайды.
– Қазіргі бағдарламаға сійкес, кадастр нөмірін, ЖСН, БСН-ді енгізсек бізде жер жоқ деп шығады. «Жерің жоқ, соған сәйкес шаруашылығың да жоқ» дейді. Жоқ нәрсеге субсидия қалай беріледі? Сондай қиындық туындап, 8 айдан бері субсидия ала алмадық, – деді шаруа қожалығының есепшісі Жанна Жұмашева
Құжат бойынша мемлекеттік қолдау ауылшаруашылығы мақсатында пайдаланатын жері бар шаруаларға берілуі керек. Ал Шымкент мегаполис атанғалы бүкіл жер елдімекен мәртебесіне ие. Осыны айтқан жұрт үкіметке арыз да жазып, комиссия келген. Министр мақұлдағанымен, әзірге нәтиже жоқ.
– Комиссия келді. Шаруаны көріп, акт түзіп, видео, фотоға түсіріп алды. Өзгеріс енгізетінін айтқан, – деді Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының міндетін атқарушы Талғат Мекамбаев.
Бүгінгі таңда Шымкенттің территориясы 116 мың гектар болса, соның жартысына жуығы ауылшаруашылығы алқабы. Мұнда 5 мыңнан астам шаруа қожалығы жұмыс істейді. Былтыр 56 мың тонна өнім алған.
Назерке Үкібасова, Александр Крапивкин. «Алматы» телеарнасы, Шымкент
Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында 500 гектар алқапқа егілген алма ағашы қурап кетті