Елдімекенде 150 абонент жарық құнын жеке кәсіпкер бекіткен бағамен төлеп отыр
«Қымбатшылық қос бүйірден қысып тұрғанда жарық үшін артық төлеп отырмыз». Қарасай ауданына қарасты Көлащы ауылының тұрғындары осылай деп редакциямызға шағым айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Айлығы шайлығынан артылмайтын жұрт электр энергиясының бір киловаты үшін 30 теңге төлейді. Себебі орнатылған трансформатор жекенің меншігінде. «Кәсіпкер ойына келген бағаны қояды» деген халықтың «электр жабдығы мемлекетке қайтарылсын» деген талабы бар. Ал жаңа салынған үйлер жарық көзін тарту үшін 300 мыңға жуық ақы төлеуге мәжбүр.
– Біз неге мемлекеттің трансформаторы бола тұра, неге ЖК Кербаевқа 30 теңге төлеуіміз керек? Қосу құны 300 мың теңге. Не үшін? Прокуратураға, әкімшілікке де, департамент монополияға да шағымданғанбыз. Ешқандай нәтиже болып жатқан жоқ, – деді Көлащы ауылының тұрғыны Асқар Мұратұлы.
Одан бөлек, меншік иесі тұрғындарды ай сайын тағы қосымша ақы төлеуге міндеттепті. Мұның себебін білмеген жұрт аң-таң. «Тіпті түбіртек бермейтін кәсіпкер бізді мезі етті» деп отыр.
– Әрқайсымызға 3-4 күн болды хабарлама жіберіп жатыр. Артық төлем жасау керек екенбіз. Біз түсінбедік, – деді Көлащы ауылының тұрғыны Самарқан Тұрлымұратов.
Көлащылықтарды алаңдатқан тағы бір мәселе – электр қауіпсіздігінің сақталмауы. Қондырғылардың техникалық жай-күйі жұрттың көңілінен шықпайды.
– Біз үйді қоршай алмай тырмыз. Ел қатарлы 2017 жылы электр жарығын 230 мың төлеп, қостық. Қосты, бірақ электр бағанына жалғаған жоқ, – деді Көлащы ауылының тұрғыны Сапарғали Еркебаев
Ал жергілікті билік өкілдері «саяжай кооперативтерінің тірлігіне араласа алмаймыз» дегенге келтірді. Алайда бақылауға алудан бас тартпады.
– ЖК Кербаев өзінің линияларын «АЖК-ға» табыстауы керек. Сол кезде тарифтер азаяды.Менің орынбасарым тұрғындармен, жеке кәсіпкермен кездеседі. Мәселе шешіледі деп ойлаймын, – деді Жібек жолы ауылдық округінің әкімі Эльмира Тасырова.
Айта кетейік, қазір елдімекенде 150 абонент жарық құнын жеке кәсіпкер бекіткен бағамен төлеп отыр.
Гүлмарал Изатқызы, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы