|
09.10.2020 | 21:15
7893

Елімізде зейнет жасын төмендету мәселесі қарастырылып жатқан жоқ – министр

Зейнет жасын ұлғайту немесе төмендету бір мезетте шешілетін мәселе емес

Елімізде зейнет жасын төмендету мәселесі қарастырылып жатқан жоқ – министр kislovodsk-24.ru

Елімізде зейнет жасын төмендету қарастырылып жатқан жоқ. Ол туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Министрдің сөзінше, зейнет жасын ұлғайту немесе төмендету бір мезетте шешілетін мәселе емес. Сонымен қатар, ол Қазақстанда зейнет жасын белгілеуде өзге елдердегі трендтер де ескерілгенін мәлімдеді.

«Кез келген зейнетақының түрі еңбек өтіліне байланысты. Яғни, неғұрлым еңбек өтілі жоғары болса, соғұрлым зейнетақының мөлшері де жоғары. Бұл жағдайда экономикалық та, нарық мәселесін ескеру қажет. Әлемдегі трендтерді ескере бүкіл дүние жүзіндегі елдер қайта зейнет жасын ұлғайтуға барып жатыр. Әрине, Еуропа елдерінде зейнет жасы бұрын да біздікінен жоғары болған. Әлемдік тәжірибені де ескеріп, өзіміздің экономикалық, демографиялық жағдайға сүйене отырып, бүгінгі таңда үкіметтің тарапынан зейнет жасын төмендету мәселесі қарастырылып жатқан жоқ», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.

Сонымен қатар, Біржан Нұрымбетов қатаң карантин енгізілсе жұмыссыз қалғандарға әлеуметтік көмек көрсету үшін қандай шаралар қолданылып жатқанын да айтты.

«Үкімет эпидемиялогиялық шаралардың бұзылмауы үшін барынша жағдай жасап, тиісті шаралар қолданып жатыр. Қазір елімізде жағдай тұрақты. Алдағы уақытқа Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой болжам жасаған еді. Дегенмен бұл сценарийлердің қайсысы орын алатынын біз білмейміз. Егер жағымсыз болжамдар орындалса, үкімет ел экономикасын сақтап қалу үшін және кәсіпкерлерді қолдау үшін міндетті түрде шаралар қабылдайды. Десек те жұмыссыз қалатындарға қанша ақша бөлінеді деген сұраққа жауап беру әлі ерте», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир