Банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін кепілсіз несие көлемі шектелді. Енді азаматтар 8 миллион 122 мың теңгеден артық қарыз ала алмайды. Сондай-ақ Қазақстанда несиелер сыйақысының жылдық пайыздық мөлшерлемесі төмендейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бірінші кредиттік бюроның мәліметінше, елімізде 8 миллион қазақстандық азаматтың кепілсіз тұтынушылық несиесі бар. Сондықтан қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі кредитке белшесінен батқан халықтың борыш жүктемесін азайту мақсатында біршама өзгерістер енгізген. Қаулыға сәйкес, кепілсіз банктік қарыздар бойынша сыйақы мөлшерлемесі 56 пайыздан 46 пайызға дейін төмендесе, кепілді банктік қарыздар бойынша 40 пайыздан 35 пайызға дейін азайтылды. Ал ипотекалық тұрғын үй қарыздары өзгеріссіз қалғанымен, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың микрокредиттері де 10 пайызға төмендеген.
– Микроқаржылық ұйымдардың микрокредиттері бойынша 56 пайыздан 46 пайызға дейін төмендетілді. Аталған өзгерістер қарыз алушылардың борыш жүктемесіне және халықтың шамадан тыс кредит алуына жол бермеуіне әсер етеді деп ойлаймыз, – деді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі департаментінің бас маманы Нұрбол Райымқұл.
Сондай-ақ тұтынушылық банктік қарыз бен микрокредит беруге қатысты да шекті сома енгізілді. Бірақ кепілді несиеде шектеу жоқ. Ал микроқаржы ұйымдары берген тұтынушылық микронесиенің сомасы кепілсіз шағын несие бойынша 1 100 АЕК-тен аспауы тиіс. Ал сарапшылар мұндай өзгертулер мәселені шешпейтінін айтты.
– Шектеу дұрыс емес. Бірақ шектеу жасап жатыр. Өйткені несиені өте көп азамат алып жатыр. Бір несиенің үстіне екінші несие жамалып отыр. Соның барлығы белгілі бір дәрежеде азаматтарға қарыз қамыты болып жатыр. Менің ойымша, несиенің пайызын түсіру керек, халықтың табысын арттыру керек. Сонда шектеудің ешқандай маңыздылығы болмайды, – деді экономист Мақсат Халық.
Айта кетейік, енді 3 млн 7 мыңнан жоғары несие алатын болса жұбайының келісімі қажет. Себебі несие отбасының жалпы бюджетіне теріс әсер етпеуі тиіс. Биыл алғаш рет микроқаржы омбудсмен институты құрылмақ. Ол азаматтардың микрокредит беру туралы шарттар бойынша мәселелерін шешуге, мерзімі өткен берешектерін реттеуге қатысып, азаматтарға тегін көмек көрсететін болады.
Жансая Олжабек, Ялкунджан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Елімізде 9 мыңнан астам қазақстандыққа арнайы әлеуметтік төлем төленді