Киіз үйді паналап келген жанұя көптің көмегіне зәру, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Кәмелет жасына толмаған 4 баланың анасы ызғарлы күндерде не істерін білмей дал. Қазірдің өзінде бүлдіршіндерге суық тиіп, қызулары түспей жатыр. Ал отағасы «жұмысқа жарамсы» болып қалғалы шарасыз.
Алматыдағы жалдамалы пәтерде тұрған отбасы енді бір киіз үйді жаздан бері паналап келеді. Қара жерге көрпе төсеп, осында ұйықтап, асын да осында ішеді.
«Дастарханды алып тастаймыз да, кешке қарай төсек саламыз. Аяз. Түнімен мына балаға уайымдаймын. Қалың көрпеміз де жоқ. Енді дала ғой. Үй емес. Баяғыдай жаз емес. Түнде аяз болады», – деді көпбалалы ана Сандуғаш Әбдіқадырова.
Сыз тартқан жерде ұйықтағандықтан бүлдіршіндердің қызуы көтеріліп, сырқаттанып қалған. Ал көпбалалы ана ретінде алып отырған жәрдемақыны дәрі-дәрмекке жұмсасам, нанға жетпейтін көрінеді.
«Жарамсыз болып қалдық. 4 жерден грыжа, қолдарымның бәрі сынған, бармақтарым сынған жан жоқ болып бара жатыр. Осының бәрі қазір әсер беріп жатыр», – деді отағасы Самат Нұрмұханов.
45 жастағы Самат денсаулығы сыр бермей тұрып дәнекерлеуші болып нәпақа тапқан. Тапсырыстар орындап, отбасын асыраған. «Еңбекке жарамсыз» болып қалғалы жұмыс былай тұрсын, жүріп-тұруы қиындай түскен. Біршама уақыт киіз үйде тұрып келген көпбалалы жанұя бүгін, міне, құрылысы бітпеген мына үйге көшіп жатыр. Амалдың жоғынан қара жерге кілем төсеп, аядай бөлмені 5 адам паналауға мәжбүр. Ал қыс болса жақын, бұл отбасы кімнен көмек сұрарын білмейді.
Айта кетсек, көмекке зәру жанұя Алматы облысының Қарасай ауданында тұрып жатыр. Бұған дейін бұл отбасына жәрдем беру мақсатында жомарт жандар қор ашып, жиналған ақшаға жер алып, баспана тұрғызып берген екен. Алайда қаражат жетпей, құрылыс аяқсыз қалып отыр.
«Бұл кісілердің жағдайын қазір ғана біліп отырмыз. Бұлар алдын ала әкімдікке хабарласпаған. Жақында көшіп келген. Енді көріп отырмыз жағдайды. Енді әкімдік тарапынан меценат, демеуші іздеп, көмектесуге тырысамыз», – деді Әйтей ауылдық округінің әкімі Жарқын Қатубаев.
Нұрмұхановтар әулетінің жағдайын көрген әкім азық-түлікпен қамтамасыз етуге сөз берді. Алдағы уақытта көпбалалы анаға атаулы әлеуметтік көмек тағайындау мәселесін де қарастырмақ. Алайда олар паналаған үйге жылу кіргізу үшін қаражат бөлінбейтінін айтты. Қара суықта қара жерде отырған отбасыға көмек беремін деушілер болса, төменде реквизиттер көрсетілген.
Оразай Нұртай, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы