Өзге елден тауар тасымалдайтын кәсіпкерлер үшін маңызды ереже шықты. Яғни, заңға енгізілген өзгеріске сәйкес, Қазақстан аумағына кірмес бұрын, бизнес өкілдеріне тауар саны мен оның түрлерін алдын ала электронды жүйеде тіркеу қажет, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұрын олар әкелген тауарлары туралы ақпаратты электронды шот-фактура жүйесіне 10-15 күннен кейін ғана тіркейтін. Аталған өзгеріс алдағы жылдың үш ай бойына пилоттық жоба ретінде сынақтан өткізілмек. Осы аралықта кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізілетін болады.
«Бұл заң қалаға ірі көлемде алкоголь, темекі өнімдері және Еуроодақ елдерінен тауар тасымалдайтын кәсіпкерлерге қатысты болып отыр. Егер кәсіпкер өз тауарын алдын ала шот-фактура жүйесіне тіркемеген жағдайда, жеке тұлғаларға 10 АЕК, ал заңды тұлғаларға 20 АЕК көлемінде айыппұл салынады», - деді қалалық Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Айжан Бекеева.