|
24.11.2020 | 21:14
4633

Үш жасар Майяның өмірін сақтап қалу үшін көмек қажет

Қыз балаға Израиль елінде күрделі ота жасалуы тиіс

Үш жасар Майяның өмірін сақтап қалу үшін көмек қажет Almaty.tv

3 жасар Майя есімді бүлдіршіннің өмірін сақтап қалуға көптің көмегі қажет. Қыз балаға Израиль елінде күрделі ота жасалуы тиіс, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ондағы дәрігерлер керекті сараптамалар жасап, балаға алдағы жылдың наурыз айында ота жасау керегін айтыпты. Қабырға сүйегінен шеміршек алып содан қыздың тамағына кеңірдек жасау үшін 75 мың АҚШ доллары, яғни 32 миллион теңгеден астам қаржы керек. Бұл баланың отбасына ауыр сома болғандықтан, ата-анасы елден жәрдем сұрайды.

Анастасия Вешкурцева жүктілігім қалыпты өтті дейді. Туылған соң қыздың мойнында онкологиялық ісік бары белгілі болған. Сөйтіп, балаға бір айлығында Алматыда ота жасалады. Бірақ балақай жұтуды, өздігінен демалуды қойып, дауысы жоғалып кеткен. Отадан кейін Майя, тым болмағанда, өздігінен демалуы үшін екі жыл түркиялық дәрігерлердің қарауында болыпты. Жұмылып жүріп қатерлі ісіктен айығады. Бірақ операция салдарымен отбасы әлі күнге арпалысып келеді.  

«Ларинго-трахеальная пластика деп аталатын күрделі ота жасау керек. Бұл дегеніміз кеңірдектің бір бөлігі қайта құрастырылады деген сөз, яғни баланың қабырға сүйгінен шеміршек алынып содан жаңа кеңірдек жасалады. Бұл өте ұзақ уақытты алатын операция. Қазақстанда ондай ота жасалмайды, шетелде, әсіресе Израильде жақсы жасайды», – деді Майяның анасы Анастасия Вешкурцева.

Мемлекеттен кішкентай Майяға 45 мың көлемінде мүгедектік жөніндегі төлем тағайындалған. Анасы Анастасия да осындай көлемде жәрдемақы алады. Әйтсе де бала құнарлы тамақтануы керек. Ол үшін арнайы протеинді қоспа, түтікше мен түрлі шприц қажет. Мұндай қымбат құрылғыларды елде табу өте қиын дейді Майяның анасы. Сондықтан оларды шетелден арнайы алдыратын көрінеді.

«Мен осы уақытқа дейін бізге қол ұшын созған адамның барлығына алғыс айтқым келеді. Жағдайымызға бейжай қарамаған жандарға рахмет. Келесі жылы ота сәтті әрі жеңіл өтетініне, бұл қиындықты еңсеретінімізге қатты сенемін. Әрі қарай қызым ел қатарлы дамып, жетілетініне үмітім зор. Сол үмітті сыйлайтын сіздерге де алғыс айтамын», – деді Майяның анасы Анастасия Вешкурцева.

Түрлі сынақты мойымай өткеріп келе жатқан жанұя перзентінің өмірі үшін алаңдайды. Анастасияның бар үміті енді Израильде өтетін күрделі операцияда. Егер ота сәтті аяқталса онда Майя сөйлеп, өздігінен демалып, ас ішетін хәлге жетпек. Көп түкірсе -көл. Балақайдың болашағы сол көптің демеуіне мұқтаж қазір.

Назкен Еркін, Роман Нощенко, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир