Қолқаны қапқан иіс пен ойқы-шойқы жолдардан әбден мезі болған елордалық тұрғындар кімнен көмек сұрайды

23.06.2020 01:41

20 жыл күткен уәде

Almaty.tv

Қолқаны қапқан иіс. Ойқы-шойқы жолдар елордалықтардың 20 жыл есін алып келеді. Олардың айтуынша, кәріз суы сыртқа ағып, жаз бойы жағымсыз иіс шығады. Мәселені тез арада шешпесе, түрлі ауруға душар болуымыз әбден мүмкін дейді жұрт. Елордалық тұрғындардың жанайқайын Almaty.tv тілшісі тыңдап қайтты.  

Бас қаладағы Бұқтырма көшесінің тұрғындары  20 жыл «айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайдының» күйін кешіп отыр. Аудан әкімі ауысады, есептік кездесулерде «шешеміз, ақша бөлінді» деп уәде береді. Бірақ мәселе «баяғы жартас, сол жартас» қалпында қалады. Көшені бойлай аққан кәріз суы эпидемиологиялық жағдай тудыра ма деп алаңдайды халық. Ашық жатқан құдықтарға балалар құлап кете ме деген үрей және бар. Ай сайын өз ақшасына сорғызып, тазартып отырудан басқа амалдары қалмаған.  

«Мынау сасық. Әуелде кім жасағанын білмейміз. Жаздың күні үйге қонақ келгенде жерге кіріп кете жаздаймыз. Тіпті, ұят өзі, анау көрдіңіз бе, ағып жатқан боқ. Ешқандай осы жерде жоқ. Анау суға да қосылып жатыр. Не ішерімізді, не қоярымызды білмейміз. Одан кейін мынау бос жерлер бар. Осы жерді әркім келеді де құдықты біресе жабады, біресе ашады. Осыны қарайтын уақыты жетті-ау деймін», – деді қала тұрғыны Кәртай Қаршыбеков.

Тұрғындардың уақыт жетті-ау деп шамдануының себебі бар. Өйткені 20 жыл ішінде әртүрлі мемлекеттік мекемелерге жазған өтініш хаттары бірнеше томға айналған. «Биыл жөнделеді. Қаржы бөлінді» деп мөр басылған қағаздан көбі жоқ дейді. Ал, аудандық әкімдіктен күдер үзген ел. Тіпті, соңғы кездері жергілікті билік өкілдері тұрғындармен кездесуден қашатын болған. Бұл жолы әбден уәдеге тойған жұртшылық арнамыздан көмек сұраған соң ғана көшедегі мәселені көздерімен көруге келді.

«Осы аудан бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайындалды. Бұл жобада жолдар ғана қарастырылған болатын. Тұрғындардан көп өтініш түскеннен кейін инженерлік желілерді қосу бойынша шешім қабылданды. Бүгінгі күні жобалық-сметалық құжаттама түзетуден өтуде. Осы жылдың тамыз айына дейін сараптама шығады деп жоспарлануда», – деді қалалық Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының бөлім басшысы Медет Шакаев.

Көшенің жолы да сын көтермейді. Жаңбырлы күні мидай езілген жолда жүру мүмкін болмай қалады дейді тұрғындар. Ал, тұрғындармен кездесуге келген әкімдік өкілдері де, мердігер компания басшысы да биыл кәріз жүйелері тартылмайтынын, жол жөнделмейтінін айтып, келесі жылы шешеміз деп тағы уәде беріп кетті.

Бұқтырма көшесі тұрғындарының тағы бір өтініші – бірнеше жылдан бері қаңырап бос тұрған мына ғимарат мәселесін шешсе дейді. Олардың айтуынша, бұл екінші деңгейлі банктердің бірінің меншігінде. Қазір үй-күйсіз жүрген жандардың жиналатын орнына айналған. Сөздеріне сенсек, тіпті ішінде бірнеше адам өлімі де тіркелген. Қыстың күні мектептен қайтқан балалар үшін аса қауіпті дейді. Аталған көше тұрғындары қордаланған бұл мәселелердің шешілуіне енді халық үніне құлақ асатын Үкімет назар аударады деген үміті бар.

Асылбек Тойбек, «Алматы» арнасы