Маңғыстау облысының тұрғындары сусыз қалды

Алматы телеарнасы
Алматы телеарнасы
Бұған дейін жұртқа тіршілік нәрі аптасына екі рет ғана кесте бойынша беріліп келген екен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданына қарасты Атамекен ауылының тұрғындары ауыз сусыз қалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұрын да жарымаған жұртқа тіршілік нәрі аптасына екі рет ғана кесте бойынша беріліп келген екен. Енді құбырдан бір рет түгіл, бір тамшы су тамбай тұр.

Аптасына екі рет, екі-ақ сағат ауыз су келгенде ыдыстарына толтырып жанталасатын тұрғындарға бұрынғы күні арман болып тұр. Балаларын мектеп пен балабақшаға дайындап, күнделікті су ішу қиынға соқты дейді жұрт. Бір қызығы халық тіршілік нәрін таппай отырғанда көрші тұрған бірнеше көлік жуу нысандары тәулік бойы жұмыстарын тоқтатпаған. Ауыл тұрғындары осыны түсінбей дал.

«Еститін мемлекет қайда? Дәл қасымызда көлік жуушылар суды тәулік бойы төгіп жатқанда, біз бір тамшыға зар болып отырмыз. Халыққа арнап млрд қаржы бөлінген су құбыры арқылы келіп тұр. Әділдік қайда? Неге сусыз отырмыз?» – дейді Атамекен ауылының тұрғыны Ольга Грибанова.

Қазір Мұнайлы ауданында 190 мыңдай адам тұрады. Тәулігіне 35 мың текше метр су қажет. Елдімекендерді ауыз сумен қамтитын су тұщыту зауыты тәулігіне одан үш есе кем, яғни тек 12 мың текше метр өнім береді екен. Кәсіпорын қуатының төмендеуіне аудандағы коммуналдық мекеменің қарызы себеп дейді.

«Маңғыстау жылу» мекемесі халыққа бізден шыққан суды жеткізумен айналысады. Тасымалдаушы мекеме. Қазір бізге қарызы 652 млн. Бірақ оған қарамастан зауыт бірде бір күн жұмысын тоқтатқан жоқ», – дейді су тұщыту зауытының директоры Нұрлыбай Аққұлов.

Ауданда ұзындығы 800 шақырымдық су құбырының жартысы істен шыққан. Коммуналдық қызмет маманы бизнес субъектілерінің су құбыры жүйесіне қосылатындығы туралы сөзін жоққа шығарады. Өйткені, су қысымы тұтынушылар үшін жеткіліксіз.

«Соңғы уақытта «Каспий» су тұщыту зауытынан судың көлемі тиісті деңгейде келмеуіне байланысты кестеден ауытқу болды. Тәулігіне 5-6 мың текше метр су келеді. Құбыр арқылы су беру үшін кем дегенде 2 мың текше су кетеді, ал су тасушы көлікке 4,2 текше су кетеді, бағасы 2680 тг тұрады», – дейді «Маңғыстау жылу» ЖШС директорының міндетін атқарушы Жасұлан Мұхамбетқалиев.  

Коммуналдық қызметтер ауыз суды кесте бойынша беруді алдағы күндері қайта бастамақ. Бірақ тіршілік нәрі әзірге көлікпен ғана жеткізілмек. Оған 27 су тасушы көлік жұмылдырылған.  

Жазира Қуанышбекқызы, Мұқағали Нұрдәулет, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров