|
13.09.2021 | 20:41
5516

Санақтың "түсініксіз" сұрақтарына қатысты сарапшылар пікір білдірді

Ұлттық халық санағындағы осындай онлайн сауалдардың әлі де қандай мақсатта қойылғанын түсінбей жатқандар көп

«Қанша перзентіңіз дүниеге тірі келді? Немесе «Тұрып жатқан баспанаңыздың аумағы қанша?». Ұлттық халық санағындағы осындай онлайн сауалдардың әлі де қандай мақсатта қойылғанын түсінбей жатқандар көп. Сондықтан арнамыздың тілшілері мән-жайды анықтаған еді. Сарапшы мамандардың пікірін Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт жинап келді.

Елімізде 1 қыркүйекте басталған ұлттық санақ жаңа форматта өтуде. Бұған дейін сұхбатшылар тұрғындармен тікелей жүздесу арқылы 45-ке жуық сауал қойса, биыл онлайн түрде тіркелуге болады. Онда барлығы 91 сұрақ бар. Соның 61-іне жауап беру міндетті, ал 29-ы нақтылауға арналған екен. Алайда арасында демография мен әлеуметтік жағдайға қатысты кейбір сауалдарды түсінбей жатқандар көп.

«Халық арасында көп наразылық туындатып жатқан сұрақтың бірі – дүниеге қанша тірі бала алып келдіңіз деген сұрақ. Әрине, енді кез келген анаға қиын сұрақ болуы мүмкін. Бірақ енді бұл сұрақтың нәтижесі бізге ешбір басқа органдардан алуға мүмкін болмайтын, кішкентай балалардың өлімі, туу көрсеткіші, сонымен қатар әйелдердің туу репродуктивті жасы бойынша мәліметтерді алуға мүмкіндік береді», – деді қалалық статистика департаментінің бөлім басшысы Шырын Тіленшиева.

Осы ретте қалалық статистика департаментінің қызметкерлері биыл халық санағы Қазақстанмен қатар әлемнің 61 елінде өтіп жатқанын айтады. Сәйкесінше сауалдар халықаралық ұйымдар мен мемлекеттік басқармалардың қатысуымен құралыпты. Осы ретте азаматтарға қойылған «баспана аумағына» қатысты немесе «тұрғын үйдің қабырғасы неден жасалғаны» секілді сауалдар орынды дейді мамандар.    

«Қандай үйлерді алуға олардың мүмкіндіктері бар? Жалпы қандай үйлерде біздің халық көбінесе шоғырланады? Соның нәтижелерін білу үшін бұл сұрақтар қажет. Сонымен қатар, ұлттық санақтың нәтижесінде біз тек қана халықтың санын емес, жалпы халықтың әлеуметтік көңіл-күйін, сипатын білетін боламыз», – деді қалалық статистика департаментінің бөлім басшысы Шырын Тіленшиева.

Ұлттық статистика бюросының бүгінгі мәліметінше, ел бойынша 2 миллион 41 мың 876 азамат санақтан өткен. Соның ішінде, Алматы облысы көш бастап келеді. Ал, Алматы қаласы екінші орынды иеленіп отыр. Егер мегаполис тұрғындарының толық саны анықталса, қала құрылысын жүзеге асыруға және мектеп тапшылығын жоюға мүмкіндік тумақ.  

Графика:

Ұлттық халық санағынан өткен респонденттер саны:

Ақмола облысы      90 862

Ақтөбе облысы      94 838

Алматы облысы     204 805

Атырау облысы     35 542

БҚО                                  98 907

Жамбыл облысы          168 759

Қарағанды облысы    140 881

Қостанай облысы       102 396

Қызылорда облысы   173 847

Маңғыстау облысы    46 191

Павлодар облысы       127 396

СҚО                                          52208

Түркістан облысы    118 112

Шқо                                129 093

Нұр-сұлтан                158 522

Алматы                        194 697

Шымкент                      104 820

«Биылғы оқу жылының алғашқы күнінде 1«Ы» сыныптары пайда болғанын бәріміз жақсы білеміз. Алдағы уақытта дәл осындай жағдайлардың алдын алу үшін санақты өткізу маңызды. Бұл халықты жаңадан есептеп, кемшіл тұстарымызды толықтыруға, алдын ала жоспар құруға мүмкіндік береді», – деді қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахмеджанов.

Онлайн сауалнамадан кейін мамандар тағы 1 ай бойы санақты жалғастырады. Алайда, қорытынды тек 2023 жылы шығып, 10-ға жуық баяндама мен 368-ден аса кесте әзірленетін болады.  

Жалпы онлайн ұлттық санақ 15 қазанда аяқталады. Ал, осы уақытқа дейін сауалнамадан өтіп үлгермеген адамдар болса, 1 қазаннан бастап арнайы сұхбатшылар үй-үйді аралаған уақытта жеке анкетаны маманмен бірге толтыра алады. Осы ретте, сарапшы мамандар еліміздегі ұлттық санақ аяқталып, нәтижие жарияланған соң, халықтың өткен 10 жыл ішіндегі демографиялық және әлеуметтік-экономикалық дамуындағы өзгерістер айқындалатынын айтады. Бұл өз кезегінде халықтың білімі, жұмыспен қамту, туу және көші-қон мәселелері бойынша маңызды шешімдерді қабылдауда тиімді бастама болмақ.

Аяулым Көлжігіт, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир