Халық осыдан 46 жыл бұрын салынған мұнарадан тіршілік нәрін алып отыр
Жетісу облысының Сарыбұлақ ауылында құрылысы 2021 жылы басталған ауыз су жүйесі әлі аяқталмаған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жылдар бойы таза суды зарыға күткен халық мердігер компанияны ауыстыруды сұрап отыр. Ал шенеуніктер үш жылда бітпеген жұмыс алдағы 1 жарым айда аяқталады деп сендірді.
Аядай ғана ауылдың тұрғындары 30 жылдан бері ауыз суға жарымай келеді. Елдімекен орталықтандырылған су жүйесіне қосылмаған. Халық осыдан 46 жыл бұрын салынған мұнарадан тіршілік нәрін алып отыр. Жекенің қолындағы нысанның әбден ескіргені тағы бар. Суды құрылғы арқылы жер астынан тартқанымен, оның сапасы сын көтермей тұр.
«Ауыл суының сапасы өте нашар. Тұзды су, ішуге жарамайды. Енді амалсыздан ішіп отырмыз», – деді Қаратал ауданының тұрғыны Қаламқас Омарова.
Осыдан үш жыл бұрын Қаражиде ауылынан су құбыры тартыла басталғанда халықтың қуанышында шек болмап еді. Әкімдіктегілердің айтуынша, Сарыбастауға су әкелу үшін облыстық және республикалық бюджеттен 233 млн теңге бөлінген. Алайда мердігер компания бір жылда пайдалануға берілуі тиіс су жүйесін мерізімінен кешіктіріпті. Тараптар соттасып, медиация тәртібімен татуласып, жұмыс қайта жалғасуда.
«Қазіргі таңда жұмыстың 80 пайызы аяқталған. Қазір 2021 жылы қазған 40 метрлік ұңғымадан су шықпай жатыр. Кеше 70 метрге дейін қазды, жанынан басқа ұңғыма қазғанымен, одан да су шықпай жатыр. Ары қарай 100 метрге дейін қазамыз», – деді Қаратал аудандық ТҮКШ және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Талғат Уәлиев.
Шенеуніктің айтуынша, нысанның құрылысы аяқталуға жақын. Алдағы маусымда орталықтандырылған суға қосылады. Алайда тұрғындар тым ұзаққа созылған құрылыстың бұлайша тез аяқталуына күмәнмен қарайды. Себебі, мердігер компанияның жұмысшылары ауылға сирек келетін көрінеді.
Халық үш жылдан бері құрғақ уәдеге алданып келеміз деп, ауыз су құрылысын жүргізіп жатқан компания өкілдерімен кездесуді талап етті. Атқамінерлердің шақыруымен наразы топтың алдына келген мердігерлер келесі айдың аяғында жұмысты аяқтаймыз деп сендірді.
Таза суды тағатсыздана күтіп отырған жұрт, кәсіпкерден де жұмысты ширатуды талап етті. Мамандардың мәліметінше, бұл жобаға 180 млн теңгеден аса қаржы жұмсалған.
Меруерт Сабыртай, Мирас Анитов «Алматы» телеарнасы