Жүйрік ат, берен мылтық, қыран бүркіт бастап, құмай тазы қостай кететін жеті қазына – қазақтың дүниетанымындағы философиялық түсініктердің бірі. Аңға шықса алдына сап, қой бақса қорасын күзететін тазыны ұлт қашанда құрмет тұтып, қастерлейді. Халықаралық кинологиялық федерацияның бас комитеті қазақ тазысын ресми түрде ит тұқымы деп тану туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жаз жайлауға, қыс қыстауға көшіп-қонып жүрген қазақтың жанынан қайда барса да төбеті мен тазысы бір елі қалған емес. «Ашаршылықта бір ауылды асыраған» деген аңызы артынан ере жүретін тазыға халқымыз ерекше көңіл бөлген. Алайда қуғанға жетіп, қашқанды іліп түсер құмайлар қазақ даласында қай заманнан бар екенін дөп басып ешкім айта алмайды. Зерттеушілер 9-10 ғасырда дін таратқан арабтармен ере келген десе, тарихшылар орта ғасырда өмір сүрген жиһанкез Марко Полоның жазбасын алға тартады. Онда далалықтардың аң аулайтын жүйрік иттері туралы жазылған.
– Қазақтың ауыз әдебиетінде құмай таза туралы аңыз көп. Біздің табиғатымызда тазы туралы иероглифтер де көп. Демек тазы мен қазақ бірге жасасып келе жатыр, – деді этнограф Бүркітбай Файзолла.
Құмай тазы – текті жануар. Дастархан басын тіміскілеп, ашық тұрған асқа ауыз салмайды. Абалап адамға шабу қанында жоқ. Иесіне адал келеді. Сүйрік тұмсық, сырық дене, салпаң құлақ саятшылыққа өзінше бір сән беріп тұрады. Тазытанушылар «ұзын сирақ жазылып жүгірсе сағатына 80 шақырым жылдамдыққа дейін алады» дейді.
– Аңыз бойынша «бір ауылды бір тазы асыраған» дейді. Ол шындыққа жатады. Өйткен ол кезде мылтық сияқты құралдар болмаған. Тек тазымен аң аулаған. Біздің құмай тазыларымыздың алмайтын аңы жоқ, – деді Жетісу облыстық Құмай тазы федерациясының президенті Асқар Баққожаев.
Қазақстан – тазы тұқымының иесі. Халықаралық кинология федерациясының бұл шешімі «итің жаман» десе өкпелеп қалатын қазақ үшін қуанышты жаңалық болды. Әр өңірдің өзіне тән тазылары бар. Оңтүстікте шағын денелі, аласалау болса, шығыс пен батыстың құмайлары суыққа төзімді, бойы биік келеді. Осыған сәйкес стандарт мәселесіне келгенде ит ұстаушылар арасында әлі де айтыс-тартыс басым болып тұр. Нақты ереже бекітілсе, ұшарлар мен тұйғындардың да тарыдай шашылған таза тұқымдары түгендемек.
Меруерт Сабыртай, Мирас Анитов, «Алматы» телеарнасы, Жетісу облысы
Оқи отырыңыз: Тазы – ежелгі қазақы ит тұқымы: Халықаралық кинология федерациясы шешімін жариялады