Алматыда өз анасын аяусыз ұрған тұрғынға қатысты сот үкім шығарды

Almaty.tv
Almaty.tv
50 жастағы азамат полиция бақылауында болады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда өз анасын қолға түскен затпен аяусыз ұрған тұрғынға қатысты сот үкім шығарды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қарт адамды дәрменсіздігіне қарамастан соққыға жыққан адамның озбыр қылығы жер үйдегі бейнекамераға түскен. Онда шамамен 50 жастағы азаматтың өз анасын ең алдымен буындырып, жерге құлатқаннан кейін балдақ сынғанша төмпештегені анық көрінеді. Өз анасына күш қолданған адам мұнымен тоқтап қалмай, сұлатып түсіріп, орындықпен ұрған.    

«Сот-медициналық сараптамаға сәйкес денсаулығына қасақана ауырлығы орташа зиян келтірілген. Сотталушы жасаған қылмысын толық мойындап, өкінетіндігін айтты», – деді Алатау аудандық прокуратурасының бөлім прокуроры Дінмұхамед Маханбетқұл.

Айта кетсек, оқиға Алматының Алатау ауданындағы Жезқазған көшесінде болған. Келін мен ене арасындағы жанжал ушыққанда мас күйде келген ер адам анасына тап берген. Күдікті бейнежазба арқылы анықталып, ұсталғаннан кейін уақытша ұстау изоляторына қамалды. 3 ай өткеннен кейін сот отырысы өтті. Онда жәбірленушіден бөлек, айыпталушы мен оның адвокатынан жауап алынды.  

Ұлы қанша жерден қорлық көрсетсе де ана жүрегі баласын жамандыққа қимады. Кешірім берді. Судья сот залынан шығып кетіп, жарты сағаттан кейін сот үкімін жария етті.

«Қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін Смирнов Александр Владимирұлын кінәлі деп танып, ҚР ҚК 107-баптың 2-бөлігі 3және 5-пунктіне сәйкес 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан шектеу түріндегі жаза тағайындалсын. Дәл сондай мерзімде 100 сағатқа мәжбүрлі жұмысқа тартылсын», – деді Алатау аудандық сотының судьясы Гүлзат Шардарбекова.

Айыпталушы бұл талаптарды орындамаса жазасын темір торда өтейді. Бұдан былай оған ішімдікке сылқия тою былай тұрсын, ұрттауға да тыйым салынады. Одан бөлек, 50 жастағы азамат полиция бақылауында болады

Оразай Нұртай, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы  


Новости партнеров