|
04.03.2024 | 19:49
1969

Өндірістегі жарақат: қолынан айырылған жұмысшы мүгедектікке қатысты талабын айтты

Компания басшылығына қатысты қылмыстық іс қозғалды

Өндірістегі жарақат: қолынан айырылған жұмысшы мүгедектікке қатысты талабын айтты Almaty.tv

«Өмірімнің тас-талқаны шықты». Алматыда өндірістегі оқыс оқиғадан кейін ер азамат қолынан айырылды. Жазатайым жағдайдан кейін жұмыскер еңбекке жарамсыз мүгедек болған. Қазір ер кісі қауіпсіздік нормаларын сақтамай келген компаниядан өтемақы ала алмай отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жәнібек Тұяқбаев 5 айдан бері аурухананы жағалап жүр. Штамптаушы болып жұмыс істеген ер азамат кезекті бұйымды әзірлеп жатқан мезетте оқыстан құрылғыға қолы оратылып кеткен. Жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан азамат ақыры бір қолынан түгел айырылды. Содан бері түрлі тексерулерден өтсе де, 3-дәрежелі мүгедектік берілген. 50 теңгеге ғана күні қарап қалған отбасының жалғыз асыраушысы шешіммен келіспейді.

– Үшінші топтағы мүгедектікті берді. Негізі екінші топты берсін деп талап етіп отырмын. Бес айдан бері жұмыс істей алмаймын, қолда темір тұр. Дәрігердің айтуынша ешқандай нәтиже жоқ. Отбасымның жалғыз асыраушысымын, әйелім 4 айлық баламен отыр. Жұмыс істеген орын осы кезге дейін көмек бермеді, техникалық қауіпсіздік сақталмаған, – деді қала тұрғыны Жәнібек Тұяқбаев.

Жазатайым оқиғадан кейін қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етпеген компанияның жұмысына қатысты тергеу жүргізілді. Тексеріс барысында мекеменің әрекеттерінде өрескел қателіктер анықталып, қатаң заңбұзушылықтар әшкере болған. Мәселен темір секілді ауыр металдармен жұмыс істейтін ұсталарға арнайы киім, жабдық берілмеген. Жұмысқа аларда қызметкерлермен арнайы нұсқаулық өткізілмей тіпті білімдері тексерілмеген болып шықты.

– Еңбек инспекциясы тарапынан тиісті арнайы тергеп-тексеру комиссиясы құрылып, құжаттары тиісті құқық қорғау органдарына жолданды. Комиссияның қортындысына сәйкес жұмыс беруші тарапынан 100% жұмыс берушінің кінәсі анықталды. Өйткені жұмыс беруші азамат Тұяқбаевті тиісті нұсқаулықтар, еңбек қорғау және қауіпсіздік шараларымен таныстырмаған, – деді мемлекеттік еңбек инспекторы Алмат Қалдыбаев

Еңбек инспекциясының шешімі бойынша қайғылы оқиғаға жұмыс беруші тарап толық кінәлі. Қазір компания басшылығына қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа жіберілді.

– Жетісу аудандық полиция басқармасы Қылмыстық кодекстің 156-бабының 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Еңбек инспекциясының ұйғарымының негізінде, яғни қауіпсіздік іс-шараларының бұзылуы дерегі анықталды. Сот-медициналық сараптама тағайындалып, оның нәтижесі бойынша іс материалдары қылмыстық іс жүргізудің 300-бабына сәйкес аудандық прокуратураға, сосын сотқа жөнелтіледі, – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Дәрігерлердің сөзінше Жәнібектің емі ұзаққа созылуы мүмкін, қолының сезімталдығын қалпына келтіру үшін уақыт керек. Әзірге ер азамат 3 жыл еңбек етуге жарамсыз. Нәпақа табамын деп қолынан айырылған азамат отбасында 6 адамды асырайды. Ол сот 2-топ мүгедектігінің тағайындалуына шешім шығаратынына сенеді.

Әйкерім Пернебек, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: ШҚО-да алтын өндіретін фабрикада жұмысшы қаза тапты

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир