«Құлағының кемістігінен қысылады». Осылай деп сыр ақтарған әке 5 жастағы қызын емдетуге ақша жеткізе алмай жүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Тек шетелде жасалатын күрделі отаға қыруар қаржы керек. Ал ауру уақыт өткен сайын дендеп барады. Ес біліп есейіп қалған қыз балабақшаға да барғысы келмейд. Ата-анасының айтуынша қызының сол құлағы мүлдем естімейді, шеміршегі мен дабыл жарғағы жоқ.
«Балабақшаның өзінде жалғыз ойнайды. Суретке бір өзі түседі. Ойнап жүргенде сырттан бақыласақ тағы жалғыз. Қызымнан неге ылғи жалғыз жүретінін сұрағанымда өзге балалар «сенің құлағың жоқ дейді» деп жауап берді. Әке болған соң уайымдайсың, ертең қиын жағдайға тап болуымыз мүмкін», – деді әкесі Ерболат Қуанышев.
«Туғаннан құлағы бітеу. Толықтай естімейді. Қазіргі таңда сол ота жасауға қаражат жинап жатырмыз. Қыз болған соң өскенде әдемілікке мән береді ғой», – деді анасы Гүлшәт Қуанышева.
Ал есту қабілетін емдеу саласында ұзақ жылдар қызмет етіп жүрген білікті дәрігер елімізде мұндай күрделі оталар жасалмайды дейді. Оның айтуынша, құлақ саңлауы бас сүйегімен бітеліп қалған. Күрделі отаны жасайтын маман жоқ, шетелдік дәрігерлермен тәжірибе алмасу керек.
«Туа біткен ақау сол жақты микротия, есту жолының атрезиясы. Яғни, ІІ және ІІІ дәрежелі мүкістік. Біз Америкадағы профессорды таңдадық. Бұл мәселе 6 жылдан бері көтеріліп, шешімін таппай келеді», – деді «Ақсай» республикалық клиникалық ауруханасы директорының орынбасары Айгүл Медеулова.
Қызының болашағына алаңдаған әке ота жасалса дейді. Туа біткен бұл ауруды емдету үшін көпшіліктен көмек сұруға мәжбүр. Бала өскен сайын кеш болады. Қол ұшын беруге ниетті болсаңыз жоғарыда көрсетілген нөмірге хабарласыңыз.
Әлібек Шынтемір, Сағынтай Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы