Президент Жолдауы: Зиялы қауым өкілдері маңызды мәселелердің дені әлеуметтік салаға арналғанын айтты

02.09.2020 01:44

Білім беру саласында жүйелі өзгеріс болады

akorda.kz

Президент жолдауының жан-жақты екенін сала мамандары да айтып жатыр. Маңызды құжатта әсіресе халықтың әлеуметтік тұсына мән берілгені қуантады дейді "Ана тілі" газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан. Парламенттің алтыншы сессиясында мұғалімдердің жалақысы көтерілетіні де айтылды. Сондай-ақ, бірнеше жоғарғы оқу орны жабылуы мүмкін. Қандай университеттер жұмысын тоқтатады? Ұстаздардың айлығы қаншаға көтеріледі? Almaty.tv тілшісі Өмір Әнуарбек жолдаудағы мәселелерді жіпке тізеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мінберде тұрып тура 1 жарым сағат бірнеше өзекті мәселелерді көтерді. Президент қашықтан оқыту ісін ұйымдастыруда Үкіметтің жіберген қателіктерін жақсы білеміз. Ашығын айтқанда, әлі күнге дейін нақты бір онлайн платформа жоқ деді. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке үздіксіз білім беру тұжырымдамасын әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ аталған салаға айрықша көңіл бөлінетінін жеткізді.

«Білім саласындағы басты мәселенің бірі – ұстаздар жалақысының аздығы. Мен 2021 жылдың қаңтар айнан бастап мұғалімдердің айлығын 25 пайызға көтеру жөнінде шешім қабылдадым. Жалақы мөлшері алдағы уақытта да арта береді. Бұл мақсатқа алдағы үш жылда қосымша 1,2 трлн тенге бөлінеді», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Білім беру жүйесіндегі жүйелі өзгерістің болатыны айтылды. Президент диплом таратумен айналысатын оқу орындарын жабуды тапсырды. Өйткені сондай білім ордалары бәсекеге қабілетті маман даярлауда кедергі келтіріп жатқан көрінеді. Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов бұл пікірмен толық келісетінін айтады. Елімізде 130-ға жуық университет болса, оның көпшілігі жеке-меншік. Ал кейбір меншік иелерінің жұмысы талапқа сай келмейтін көрінеді. Сондықтан ондай оқу орындарына олқылықтың орнын толтыруға уақыт та берілген. Алайда, оншақты университет мәселені шешуге тырыспаған. Рахман Алшанов көк пен қызыл дипломды басып шығаратын оқу орындарынан, білікті маман шықпай жатқанын жеткізді. Президент айтқан пікірмен келісетінін білдіріп, алдағы уақытта бұл мәселе оң шешімін табатынына кәміл сенемін дейді.      

«Енді осы реттеу керек. Жаңа жылға дейін деп отыр ғой. Жаңа жылдан соң шешілу керек дегендей. Сондықтан ата-аналар, балалар түсіністікпен қарау керек. Арзан деп жүгірмеу керек. Есікті ашып, білім сапасы бар ма, соны қарау керек. Мұндай оқу орындары  жақсы істеп жатқан оқу орындарына нұқсан келтіріп жатыр ғой. Нұқсан келтіріп білім саласы нашар дегенге келітіріп отыр», – деді ҚР ЖОО қауымдастығының президенті, қалалық Қоғамдық кеңес төрағасы Рахман Алшанов.

Жолдауда экономика саласы да шет қалмады. Пандемия салдарынан зардап шегіп отырған шағын және орта бизнеске енді көптеп көңіл бөлінбек. Оларға қолдау ретінде 6 пайыздық субсидия беріледі. Осы мақсатта бюджеттен 200 миллиард теңге жұмсалады. Сондай-ақ, салық кодексіне де өзгерістер енбек. Экономист Мақсат Халықтың сөзінше, саладағы мұндай түрлену экономикамызға оң ықпалын тигізеді.

«Алдағы уақытта базалық пайыздық мөлшерлеме қайта қаралып, төмендетілгені дұрыс. Сол кезде екінші деңгейлі банктер ұлттық банктың берген мүмкіндіктері жоғары пайызда құр қарап отырып ақша тапқаннан гөрі экономиканың нақты секторын бизнесті қаржыландыруға ақшаны жұмылдыратын болады және де бұл – экономикамыздың  түптеп келгенде дамуына өзінің серпінін беретін болады», – деді GSB UIB Директоры, экономист Мақсат Халық.

Жолдауда айтылған маңызды мәселелердің дені әлеуметтік салаға арналды. Яғни, халықтың әлеуметтік-әл ауқатын көтеру жолында атқарылу керек жұмыстар жазылған дейді «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан.

«Болмайтын жерден ел-халықты жинап той жасау дейтін енді біздің шындап келгенде, кәрі халықтың ең бір назік тұсы болып тұр. Осыған қатысты Президент ұлтқа, ұлттық мақсатта жиналуда жинақы болуға шақырды. Бұл енді біздің аға буыннан бастап, перзенттерімізге дейін тәрбиелеу бағытында үлкен платформа деп қабылдауымыз керек», – деді «Ана тілі» газетінің бас редакторы  Жанарбек Әшімжан.

Бір жарым сағатқа созылған  парламенттің алтыншы сессиясында көшелерді жыл сайын жөндей беретін жобалардың тоқтатылатыны да сөз болды. Сондай-ақ, келесі жылдан бастап үй алу, емделу мен білім алу мақсатында азаматтар зейнетақы қорындағы қаржысының бір бөлігін пайдалана алатыны белгілі болды. Президент саяси реформалардың жалға беретінін айтып, демократияның басты жауы білімсіздік пен популизм екенін еске салды. Еліміздің бақытты әрі жарқын келешегі әр азаматтың қажырлы қызметіне байланысты болмақ деп түйіндеді президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өмір Әнуарбек, «Алматы» арнасы