Сыр топырағына тропикалық аймақтың қауыны егілді

Almaty.tv
Almaty.tv
Тайландтық ғалымдар агросалада ынтымақтастықты арттыруға дайын
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Сыр топырағына тропикалық аймақтың қауыны егілді. Тайландтықтар қызылордалық ғалымдармен бірігіп, қауынның жаңа сортын сынақтан өткізіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қауынның жергілікті сорты 90 күнде, ерте егілген әңгелектің өзі 70 күнде пісіп жетіледі. Тайландтықтар тәжірибе ретінде ұсынған тұқым екі айда жемісін береді. Ол үшін Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің жылыжайы таңдалған. Еліміздегі егін-жайдың жай-күйімен танысып, бақша өнімдерінің дәмін татқан тұқым шаруашылығы өкілдерінің Сыр өңірін таңдаған.  

– Келгелі көптеген фермамен танысып шықтық. Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласында атқарылып жатқан жұмысын көрдік. Күріш пен жүгері өсірудің тәсілдерін де бағамдадық.  Айтып өтетін жайт, оңтүстік өңірлерде бау-бақша дақылдарын өте көп егеді әрі мол өнім алады. Жергілікті қауынның сапасы жоғары, дәмі де қатты ұнады, – деді Тұқым компаниясының вице-президенті Садавуд Коонманее.

Тайландтық ғалымдар агросалада ынтымақтастықты арттыруға дайын. Осы мақсатта тәжірибе үшін тропикалық аймаққа бейімделген қауынның өніміне қарай өзге де дақылдарды сынап көрмек. Мамандардың сөзінше, жаңа сорттың дәмі жергілікті қауынға қарағанда тәтті келетін көрінеді.

– Қауынның дәмділігі құрамындағы қантпен өлшенеді. Қызылорданың қауынында ең жоғары қант көрсеткіші 18% болса, олардың айтуынша, қант мөлшері 20 пайыздан асады екен. Тайландтық әріптестеріміз алғаш рет жылыжайларда қауын өсіру мәселесін көтеріп жатыр. Біраздан бері ойланып жүргенбіз. Алғашқы қадам жасауға дайын тұқым болмаған соң қолбайлау болған, – деді ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Самалбек Қосанов.

Ғалым Самалбек Қосанов жаңа сортты келер жылы ашық алаңда сынап көрмек. Бақша дақылы оң нәтиже көрсетсе, ол жергілікті шаруалармен бірлесіп егіс ауқымын кеңейтуге ниетті. Ал тайландтық ғалымдар жергілікті қауын сорттарын тропикалық аймақта тәжірибеден өткізбек.

Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Қызылорда облысы

Оқи отырыңыз: Сапасыз қарбыз: Маңғыстауда кәсіпкерлер жауапкершілікке тартылды

Новости партнеров