|
31.07.2024 | 19:55
61

Сапасыз қарбыз: Маңғыстауда кәсіпкерлер жауапкершілікке тартылды

Қазіргі таңда 21 бала жұқпалы ауруханада ем қабылдап жатыр

Сапасыз қарбыз: Маңғыстауда кәсіпкерлер жауапкершілікке тартылды Almaty.tv

Маңғыстауға бақша өнімдерін карантиндік сертификатсыз тасымалдаған кәсіпкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Биыл осындай 44 жағдай тіркелген. Бұл туралы Ақтау қалалық аумақтық инспекция басшысы мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жаз басталысымен Ақтау қаласының көшелерінде қолдан шатыр жасап, қауын-қарбыз сататындар көбейеді. Бұрын елдің оңтүстігінен көп әкелінетін қауын-қарбыз биыл аз. Себебі жергілікті өнім ерте шыға бастаған. Мамандар базарларда Маңғыстаудағы бағбандардың өнімі сатылып жатқанын айтты.

– Биыл Түркістан облысынан бақша өнімдерін аз әкелді. Жергілікті бақша өнімдері өте ерте шықты. Базарда 70-80 пайыз жергілікті өнім сатылып жатыр, – деді Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті Ақтау қалалық инспекциясының басшысы Ақжарқын Меңдігереева.

Сатылып жатқан қауын-қарбыздың бағасы әр жерде әр түрлі. Өнім 160 пен 300 теңгенің арасында саудаланып тұр. Баға былай тұрсын, өнімнің құрамы жұқпалы ауруханадағы дәрігерлерді де алаңдатады. Себебі ересектерден гөрі балалар ауруханасына ішек ауруымен шағым айтып түскендер көбейген. Қазіргі таңда 21 бала жұқпалы ауруханада ем қабылдап жатыр.

– Қауын-қарбызға уланып келген балалар болды. Біріншіден, жеке бас гигиенасын сақтау керек, екіншіден, жеміс жидектің, қауын-қарбыздың сыртын жуып, қатты мұздатпай, салқындатып жеген дұрыс. Ауруханада ішек инфекциясымен 21 бала жатыр. Олардың  шағымы әр түрлі. Барлығының жағдайы жақсы, – деді Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасының инфекционист-дәрігері Жансая Нұрболатқызы.

Қауын-қарбызды сатушылардың айтуынша, өнімді сатып алушылар нитратын арнайы құрылғымен өлшеп, алады. Ал дәрігерлер денсаулыққа зиян келмейтін тұсын да ескеру керек екенін айтты.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрболатұлы, «Алматы» телеарнасы, Маңғыстау облысы

Оқи отырыңыз: Атырауда азық-түлік неге қымбаттап кетті

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир