Білім басқармасы түсіністік танытуды сұрады
Атыраулық ата-аналар бірнеше күннен бері ұл-қыздарын балабақшаға орналастыра алмай жүр. Діңкелері құрыған олар облыс әкімдігінің алдына жиналып, наразылықтарын білдірді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Олардың айтуынша, ақпан айында іске қосылған «Бірыңғай кезектілік» жобасының шикі тұстары көп. Ақпараттық базасы дұрыс қалыптаспаған. Әрі бірізділік жүйесі де жоқ көрінеді. Сол себепті, көпшілік "Ұл-қыздарымызды тіркей алмадық" деп ашулы.
- Біз бүкіл құжаттарды дайындап, INDIGO-ға салғанда өтті. Бақшаға қабылданды. Сосын барып қол қоюға келгенде, сіз көпбалалы анаға жатпайсыз деген жауап келді, - дейді ата-ана Ырысбике Нұғманова.
- Екі балам 18-ге толып кеткен. Артынан толмаған 4 балам бар. 2027 жылға дейін көпбалалы ана болып саналамын. Құжатым өтпей жатыр. Мен өзім балабақшадан бас тартып, орнымнан алып тастаған сияқты, - дейді көпбалалы ана Марал Хасанова.
Облыстық білім басқармасындағылар мәселеден хабардар. Олар министрлікке хат жолдап, түйткілді шешіп береміз деп уәде берді.
Айта кетейік, пилоттық жоба республиканың 8 аймағында іске қосылған.
- Дәл қазіргі уақытта бізде Zoom-ммен жиналыс өтіп жатыр. Сіздердің сұрақтарыңызды қойып отырмыз. Сондықтан да мәселенің бәрі біртіндеп шешіліп жатыр. Бұл пилоттық жоба болғандықтан, әрине, қиын тұстары болып тұр. Осыған орай түсіністік танытуды сұраймын. Қазір біртіндеп мәселе шешіліп жатыр, - дейді Білім беру басқармасы басшысының орынбасары Орынтай Биманова.
Оқи отырыңыз: Тозығы жеткен, жайсыз мектеп: Жамбыл облысындағы Тоғызтараулық оқушылар биыл қайтпек