|
06.08.2024 | 20:31
914

Тозығы жеткен, жайсыз мектеп: Жамбыл облысындағы тоғызтараулық оқушылар биыл қайтпек

Тендерге түскен екі кәсіпкер соттасып жатыр

Тозығы жеткен, жайсыз мектеп: Жамбыл облысындағы тоғызтараулық оқушылар биыл қайтпек Аlmaty.tv

Жамбыл облысында ауыл балалары жағдайы жасалмаған мектепте білім алуға мәжбүр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі. 

Тоз-тозы шыққан оқу ордасында спорт залы жоқ. Оқушылар сылағы түскен асханада ас ішеді. Осыған қарамастан, білім ошағы әлі апатты деп танылмаған.

Жамбыл ауданындағы Тоғызтарау ауылы - 80 түтіні бар шағын ғана елді мекен. Бірақ оқушылар заманауи ағарту ошағына жарымай жүр. Мұнда 30 жыл бұрын бос тұрған ғимаратты жабдықтап, шағын мектеп ретінде жасаған. Бірақ содан бері бірде бір рет күрделі жөндеу жүргізілмепті. Тек 10 жыл бұрын шатыры мен кей терезелері ауысқан.  

- Балаларға обал. Істі бастаған соң, аяғына дейін бітірсе екен. Спорт залымыз жоқ. Жердің бәрін қазды да, жұмыс сонымен тоқтап қалды, - дейді Тоғызтарау ауылының тұрғыны Әлібек Тұтқышбаев.

Тар мектепте 9 ғана сынып бар. Ал, ұстаздардың жеке бөлмесі тіпті жоқ. Олар директордың шағын бөлмесінде сыйысуға мәжбүр. Асхана да адам шошырлық жағдайда. Ғимараттың қабырға сылақтары түсіп, едені ескірген екен. Іргетасы да сөгіліп жатыр.

- Бізге заманауи кабинеттер жетіспей тұр. Балаларымыз қолмен ұстап көрмесе де, олардың барлығының ғаламторда жобасы бар. Интернет желісі арқылы мұғалім қолмен ұстай алмағандарын ноутбукпен көрсетеді, - дейді мектеп директоры Гүлшат Телеуова.

«Ауыл мектебіндегі әуелгі мәселе - зертханалық сынып пен робототехника кабинетінің жоқтығы» дейді мұғалімдер. Мектеп басшылығы сан жыл биліктен сұраған соң, былтыр жоба жасалыпты. Сөйтіп қазынадан 740 млн теңге қаражат бөлініп, 4 зертхана, асхана мен спорт залы салынуы тиіс еді. Бірақ 3 ай бұрын басталуы керек болған құрылыс күрт тоқтап қалған.

- 25 мамырдан кейін басталып, жыл соңында аяқталуы керек болатын. Бірақ қазір 2 мердігер мекеме соттасу процесінда жүр. Ал құрылыс нысаны бүгінде тоқтап тұр. Соттың шешімін күтіп отырмыз, - дейді Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Несіпбеков.

Тендерге түскен екі кәсіпкердің соты аяқталмай, бюджет қаражаты жаратылмайды. Ал процестің қашан бітері әзірге белгісіз. Сондықтан мектеп ұжымы жылдағы әдетке салып, ағарту ошағын өздері әктеп жүр.  

Айта кетейік, 9 айда бітуі тиіс құрылыс қазір небәрі 3%-ға аяқталған.

Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, «Алматы» телеарнасы, Жамбыл облысы.

Оқи отырыңыз: Су тасқынынан зардап шеккен аймақта мектеп құрылысының қарқыны қалай


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир