Жүректен жүрекке: Алматыда аз қамтылған отбасыларға киім-кешек таратылды

Жүректен жүрекке: Алматыда аз қамтылған отбасыларға киім-кешек таратылды
Қалалық мемлекеттік активтер басқармасы бөлген заттарды сұрыптауға қайырымдылық қорлары атсалысып жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылық аз қамтылған отбасыларға 360 мың данадан аса киім-кешек таратылды. Игі іс-шара «Жүректен жүрекке» атты республикалық қайрымдылық шарасы аясында өтіп жатыр. Акцияның басты демеушісі қалалық мемлекеттік активтер басқармасы осы уақытқа дейін қорда жиналған мүлікті мұқтаж жандарға таратуды жөн көріпті. Ал, киім-кешекті сұрыптап, отбасыларға жеткізуді Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы өз қолына алған, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Жүректен жүрекке» акциясы қала бойынша 6 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Мәселен, биыл жыл басынан бері көмекке зәру 4 мыңдай алматылыққа заттай және қаржылай көмек көрсетіліпті.

«Жылда осындай акция өткізіледі. Жылда біз осылай таратамыз үлкен мөлшерлерде. Күнделікті өмірде біздің Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы тарапынан осындай қолдау көрсетіледі», – деді қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасының басшысы Назира Тоғызбаева.

Ал, қалалық мемлекеттік активтер басқармасы бөлген заттарды сұрыптауға қайырымдылық қорлары атсалысып жатыр. 30-дан аса ерікті киім-кешекті өлшемі мен түріне қарай бөліп, себеттерге жинақтаған.  

«Осы жерге волонтер ретінде, көпбалалыана ретінде көмегімізді көрсетіп жатырмыз. Осы киімдерді азаннан кешке дейін ер адамдардікін бөлек, әйел адамдарды бөлек, балалардікін бөлек жинап, 2 аптадай қызмет көрсеттік», – деді «Birge 2021» қорының мүшесі Бағлан Жұмәділова.

Алмалы ауданы бойынша бір жарым мыңнан аса жағдайы төмен отбасы тіркелген. Киім-кешектің бір бөлігі Салтанат Боқашқызының жанұясына да берілді.

«Бақытты отбасы» мені шақырып, мынандай көмек беріп жатыр. Әрқашан да шақырады, көмек береді. Сол үшін де мен рахмет айамын осы «Бақытты отбасына», – деді Алмалы ауданының тұрғыны Салтанат Боқашқызы.

Қазір мегаполистің барлық аудандары бойынша киім-кешекті аз қамтылған отбасыларға тарату жұмыстары жүріп жатыр. Әр аудан әкімдігі көмекке зәру жандардың тізімін жасап, қажет деп тапқан мұқтаж жандарға үлестіруде. Айта кетейін, бүгінде қала бойынша 10 мыңнан аса отбасы көмекке мұқтаж.

Сымбат Ноғай, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров