Тікелей эфирде жаңалықтар: Ақпаратты кім, қалай дайындайды

Almaty.tv
Almaty.tv
Бүгін – БАҚ қызметкерлері күні
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елдің мұң-мұқтажы, биліктің уәжі, студия, тікелей эфир. Айтылғанның бәрі телевизия саласында еңбек ететін қызметкерлер үшін таңсық емес. Күнделікті жұмыс болып көрінгенімен журналистиканың қоғам алдындағы салмағы ауыр. Бүгін – БАҚ қызметкерлері күні, деп хабарлайды тілшісі.      

Эфир арқылы жүргізушілер ең өзекті ақпаратты елге жеткізеді. Әдетте, экраннан тек бір ғана адам көрінеді, дегенмен ол – ұжымдық жұмыс. Суфлер, дыбыс режиссері, операторлар. Студияда 5 жылдай еңбек етіп келе жатқан оператор – Нұрбол Әбдікерімов.

«Жұмысым ұнайды. Қиын емес, бұдан да қиын үлкен камералар бар. Небір қиындық болады. Техника болған соң, біз әрдайым дайынбыз», – деді оператор Нұрбол Әбдікерімов.

Бәрін ұршықша иіріп, көрерменге кілтипан білдірмей жаңалықты эфирге ұсынатын режиссерлер қауымы. Олар  кадр таңдап, эфирдің сәтті шығуын қадағалайды. Алақанының астындағы мың сан түймені бес саусағындай біледі.

Ал эфирге тың ақпарат дайындау – тілшілердің жұмысы.  Биыл да жаңалықтар бөлімі халыққа жан-жақты ақпар жеткізуде кенде болған жоқ. Пандемиядан енді ес жия бергенде қаралы қаңтарда  кәсібіне адалдық танытқан тілшілер көпшілік ортасынан табылды. Басын қатерге тігіп, мылтықсыз майданға қанды алаңнан хабар таратты.

Тілшілер ақпарат дайындауда мол мағлұмат жинап, жағдайдың ақ-қарасын анықтауға тырысады.  Бұқараның базынасын естіп, оны билікке жеткізу үшін талай табан тоздырады. Бір-бірімен біте қайнасып жатқан әр саладан хабардар болуы тағы бар. Биліктің ақпараттық саясаты да тілшілердің мойнында. «Алматы» телеарнасы саяси реформа, дәлірек айтсақ, референдумның өтуіне бар күшін салды. Сағаттап тікелей эфир беріліп, журналистер учаскелерден тың ақпарат жинады. Тілші міндеті – көрерменге ақпаратты дұрыс, шынайы жеткізу.

Назкен Еркін, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров