Оларды көшедегі қоқыс жәшіктеріне тастауға болмайды
Елімізде жылына 140 мың тоннадан астам электронды қалдық жиналады. БҰҰ-дың Оқыту және зерттеу институты ұсынған мәліметке сәйкес, оның тек 9 пайызға жуығы қайта өңделеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматыда орналасқан электронды қалдықтарды жинайтын кәсіпорын 20 жылдан аса жұмыс істеп тұр. Мұндағы қызметкерлер қабылдап алған заттарды бөлшектеп, іріктеп, елдегі және шетелдегі арнайы компанияларға тасымалдайды. Кәсіпорын күніне кем дегенде 100 келі қалдықты сұрыптап шығарады.
– Радиодетальдар бар, күміс, алтын, аллюминий, темірді, латуньды бөлек қорапқа жинаймыз, – деді бригадир Бақыт Бегібаев.
Еліміздің Экологиялық кодексіне сәйкес, электронды қалдықтарды көшедегі қоқыс жәшіктеріне тастауға болмайды. Себебі олардың құрамындағы улы заттар дұрыс қолданылмаса, қоршаған орта мен адам денсаулығына қауіпті.
Кәсіпорынға мемлекеттік мекемелер мен жеке тұлғалар қалдықтарды әкеліп өткізеді. Ал бізде өңделмейтін бөлшектерді мамандар шетелге жіберуге мәжбүр.
– Айына 20 тоннадай электронды қалдықтар өңдеуге жібереміз. Темір, аллюминий, мыс Қазақстанда өңделеді, – деді кәсіпорын басшысы Азамат Омаров.
Қайта өңдеу – зауыттар үшін де өте тиімді. Өйткені оған энергия әлдеқайда аз жұмсалады. Бір тонна металл сынығы бір тонна темір рудасын, 635 келі көмір мен 54 келі әктасты үнемдейді. Бірақ елде электронды қалдықтарды сұрыптайтын емес, өңдейтін мекемелердің тапшылығы өзекті болып отыр. Ендігі жерде экономика мен экологияға бірдей үлес қосу үшін, электрмен жұмыс істейтін құрылғыларды арнайы орындарға тапсырудың маңызы зор.
Жансая Олжабек, Хангелді Ахметханов, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Талдықорғандағы жалғыз автобекеттің жағдайы сын көтермейді