|
31.05.2023 | 20:46
2142

Қыспаққа алған қымбатшылық: Астанада автономды жылу жүйесін пайдаланған тұрғындар шағым айтты

Қазақстанда қазір 19 жылу электр орталығы апатты жағдайда тұр

Қыспаққа алған қымбатшылық: Астанада автономды жылу жүйесін пайдаланған тұрғындар шағым айтты Almaty.tv

Қыспаққа алған қымбатшылық. Астанада автономды жылу жүйесі тұрғындардың қалтасын қағып келеді. Табиғи газды сарыла күткен халық қыс бойы екі есе қымбат тариф төлеп, әбден шаршаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сырт келбеті келісті көрінген бұл тұрғын үй кешені 2 жыл бұрын қолданысқа беріліпті. Содан бері халықты жылу мәселесі мезі еткен. Мұндағы баспаналар орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылмаған. Мәселені автономды қазандықпен шешпек болған әкімдік азаматтарға керісінше, түйткіл тауып берген көрінеді.

– Біз көшіп келгелі жылудан әбден тарықтық. Көшеге шығып, бәріміз талап еттік. Содан бізге автономды қазандық орнатып берді. Бірақ бұл біздің қалтамызға өте ауыр. Үй суық болған жоқ. Бірақ бағасы қымбат. Айына 30-40 мың төлеген кезіміз де болды, – деді қала тұрғыны Гүлнәр Шаяхметова.

Жылудан тарыққан жұрттың жанайқайынан әкімдіктегілер де хабардар. Олардың айтуынша, қалаға тағы бір жылу электр орталығы керек. Қолданыстағы қос нысан тұрғындарды толық қамтуға қауқарсыз. Тапшылықты шешу үшін 13 жыл бұрын үшінші жылу электр стансасының құрылысы басталыпты. Сағызша созылған жоба алғашқы суыққа дейін аяқталады екен.

– Қазіргі таңда қаладағы тапшылықты жою үшін қала әкімдігімен бүгінгі таңда ЖЭО-3 салынып жатыр. Бүгінгі таңда нысанның 85 пайызы дайын. Бірінші кезегін аяқтау осы жылыту маусымына дейін жоспарланған, – деді Отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы бөлім басшысының міндетін атқарушы Рахымжан Алтынбеков

Автономды жылу қазандықтары қазір бас қаланың бес ауданында қойылған. Тұрғындар сөзінше, бұл нысанның қыста көмегі тигенімен шығыны шаш етектен. Себебі орталықтандырылған жылу жүйесімен салыстырғанда ай сайынғы төлемі 2-3 есеге қымбат шығатын көрінеді.

Қазақстанда қазір 19 жылу электр орталығы апатты жағдайда тұр. Жылдар бойы зар илеген халықтың мәселесін биылғы бір қыс көрсетіп бергендей. Өңірлердегі стансалар бірінен соң бірі істен шығып, қараша әбігерге түсті. Коммуналдық саладағы шатыры шіріп, іргесі іріп, құбыры құрып, құрдымға кеткенше қолданылып келген нысандар енді жаңартылмақ.

– Ең алдымен Риддер, одан кейін Екібастұз, Теміртау жылу электр орталықтары жаңартылады. Қазір Үкіметтің де, жергілікті билік органдарының да жұмысы алдағы жылу беру маусымында барлық тәуекелді төмендету үшін қажетті жұмыс көлемін орындауға бағытталып отыр. Аталған жылу электр орталықтарының техникалық жай-күйін, төтенше жағдайларға тәуекелін, стансалардың пайдаланылуын ескере отырып, оларды жөндеу үшін Үкімет резервінен қаражат бөлу мәселесі де қарастырылып жатыр, – деді ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.

Министр мәліметінше, елдегі жылу электр орталықтарының орташа тозу деңгейі 66%. Ал  кейбір қалаларда 80 пайыздан асып кеткен. Олардың үштен бірі жарты ғасырдан астам уақыт жұмыс істеп келген. Бұл қатарда Петропавл, Екібастұз, Риддер қаласы бар.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: 43 градусқа дейін ыстық: еліміздің бірнеше өңіріне арналған ауа райы болжамы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир