Жел тұрса, жарық өшеді: Алматы облысының тұрғындары полиция шақырып, арыз берді

Almaty.tv
Almaty.tv
Олардың сөзінше, кірпіш зауыты су мен жарыққа ортақтасып отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Жел тұрса, жарық өшеді». Осылай деп арызданған Алматы облысы Жармұхамбет ауылының жұрты жылдар бойы электр тоғынан таршылық көріп келгенін жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Шалт қимылдасақ, шам ұстап қаламыз, өйткені жарық сөніп, созылған сымдар шыдас бермей үзіледі» дейді жиналған бұқара. Ол аздай, тұрмыстық техникалары да тозығы жетпей жатып күйіп қалады екен. Қалтасы жұқарған халық әбден әбігерге түскенін айтады.

– Біз қатты түшкірсек, қатты жөтелсек, жарық өшеді. Сондықтан аспанға қарап «жаңбыр жаумаса, күн бұлттанбаса» екен деп, құдайдан тілеп отырамыз. Жаңбыр себелесе жарығымыз өшеді, телефон соқсақ, жауап бермейді, – деді Жармұхамбет ауылының тұрғыны Мукарам Егеубаева.

– Тұрғын үйге жер беріліп, сатылған соң, тұрғындарға қолайлы болуы керек. Экологиялық жағынан қауіпсіз болуы керек. Бізге көшіп келгенде ешкім ескертпеген. Ауылдың су, жарық мәселесі шешілмеген, – деді Жармұхамбет ауылының тұрғыны Дана Мұхтарова.

Тоқтан тарықтық деген тұрғындар қазір әкімдік өкілдеріне ауылдағы бар мәселені үйіп-төгіп жеткізіп жатыр. Олардың сөзінше, ауыл маңында орналасқан кірпіш зауыты жұрттың суы мен жарығына ортақтасып отыр. Сондай-ақ «жүздеген жүк көлігі кіріп-шығып жатқан кірпіш зауыты көшені де бүлдіріп, ауаны ластады» дейді дүйім ел. Цемент сапырып, оның шаңын айналаға шашып жатқандықтан, ауылда аяқ алып жүру мүмкін емес.

– Бір жылдан асып кетті. Тек қараңғы түскенде барлық есігін ашып қойып, компрессормен цемент айдайды. Өкпеге зиян, аяғы ауыр әйелдер бар, – деді Жармұхамбет ауылының тұрғыны Мархабат Аймаханова.

Өзін мекеме қызметкерімін деп таныстырған азамат камерамызды көлегейлеп, келген көпшіліктің арызын місе тұтпады. Зауыттың ісі заңды деген ол құжаттық дәлел келтіре алмады.

– Көршілерден шағым түскендіктен, фильтр қойылды. Түнде жұмыс істейміз. Су, жарық мәселесіне қатысты жеке трансформатор қойылған, – деді зауыт бригадирі Сабыржан Асылбеков.

Ал жарық пен су проблемасы тұтас ауылдық окгругте бар деген әкімдік өкілі бұл мәселенің түбі шешілері хақ деп сендірді. Айтуынша, жоспарда бар, бірақ бюджеттен бөлінер қаржыға қарап отыр. Ал азаматтар арыз айтқан зауыттың расында ауылға тартылған жарыққа жармасып отырғанын растады.

– Әрине, зауыттың кінәсі бар. Күш-қуатты жаңағы электрден алып отыр. Зауыттарға арналған Көкөзектегі қосалқы станса салынса, ауыл ішіндегі тоқ күші көтеріледі. Жарық өшпейді. Ал суға зауыттар қосылмаған. Қазіргі таңда 1 гектар жер осы ауылға бөлінген. Қаражат күтіп отырмыз, күзде 1 гектар жерге су ұңғымасы қазылып, елге су беріледі, – деді Елтай ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Азамат Жиенбаев.

Талабын жеткізген тұрғындар мәселенің бүгін-ертең шешілмесіне көзі жеткен соң, зауыт алдына полиция шақырып, арыз берді. Ендігі тергеуді құзырлы органдар жүргізеді.

Әлібек Шынтемір, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Қыспаққа алған қымбатшылық: Астанада автономды жылу жүйесін пайдаланған тұрғындар шағым айтты

Новости партнеров