Премьер-министр кемшіліктерді жоюмен жұмыс істеуге құлықсыз байланыс операторларын сынға алды
Қазақстандықтар тағы бірнеше жыл интернеттің игілігін көре алмайды. Елде 1 жарым мыңға жуық ауылда кең жолақты мобильді желі атымен жоқ. Бар дегендерінің өзінде сапа сын көтермей тұр. Саладағы қордаланған мәселенің бірқатары бүгінгі Үкімет отырысында талқыланды. Премьер-министр Әлихан Смайылов кемшіліктерді жоюмен жұмыс істеуге құлықсыз байланыс операторларын сынға алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Елімізде «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы іске қосылғанымен, жылдам байланысқа әлі де талайдың қолы жетпей жүр. Халқы 200 мыңнан асатын 1432 ауылға кең жолақты желі жетіп үлгермеген. Иендегі елдімекендерді айтпағанда, алып шаһарлардың өзінде проблема жетіп артылады екен. Министрдің мәліметінше, жыл басынан бері 5 мыңнан астам тұрғыннан шағым түсіпті. Олардың басым бөлігі Алматы мен Астанадағы интернет сапасына наразылығын білдірген.
«Байланыс сапасын арттыру мақсатында біз жыл сайын «базалық стансалар» санын көбейтіп келеміз. Қазір оның 41 мыңнан астамын орнаттық. Демек жыл сайын олардың 3 мыңға өсетінін байқап отырмыз. Талшықты-оптикалық байланыс желілерімен 3 мыңға жуық ауыл қамтылуы тиіс. Ал 2027 жылға қарай республикалық маңызы бар қалалардың 75 пайызы және облыс орталықтарының 60 пайызы 5G технологиясымен қамтамасыз етілетін болады», – деді ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.
Елдегі интернеттің жағдайына Үкімет басшысының да көңілі толмайды. Әлихан Смайылов бұрынғыдай жай ғана желі тартып беретін кезеңнің өткенін айтты. Ауылды жерлерде байланыс сапасын жақсарту үшін операторлармен жұмысты күшейтуді тапсырды.
«Халыққа сапалы байланыс пен жылдам интернет қажет. Олар тарифтердің ақысын толығымен төлеп отыр. Сондықтан, сапалы қызметті талап етуі орынды. Соңғы 3 жылда байланыс операторлары бұл салаға тартылған инвестицияның шамамен 60%-ке дейін төмендетіп жібергенін атап өткім келеді. Операторларға қымбат инфрақұрылымға қаржы салғаннан гөрі, заң бұзғаны үшін айыппұл төлей салған тиімді. Мұндай жағдайды түбегейлі өзгерту керек», – деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.
Жүйелі жұмыстың жоқтығы азық-түлік бағасын тұрақтандыру ісінде де байқалады. Қымбатшылықты құрықтауға қауқарсыз болып отырған Ақтөбе, Өскемен, Семей, Қызылорда облысын Үкімет басшысы сынға алды.
«Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың басты міндеті – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру. Дегенмен азық-түлік инфляциясы кейбір әкімдіктердің тиімсіз жұмысын көрсетіп отыр. Өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 0,1 пайызға өскен. Оның ішінде Ақтөбеде, Өскеменде, Семейде, Қызылордада – 0,2 пайыздан жоғары болды», – деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.
Үш айдың қорытындысы бойынша елдегі инфляция 3,2 пайызды құраған. Оның ішінде азық-түлік 4 пайызға көтеріліпті. Негізгі мақсат – жыл соңына дейін құнсыздануды 2 есе төмендету. Сондықтан Премьер-министр барлық өңір әкімдеріне талап қойды. Негізсіз баға өсіміне жол бермеу қажеттігін алға тартты. Бірінші кезекте әлеуметтік маңызы бар өнімдер бағасына мониторингті күшейтуді бұйырды.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Ринат Өтее, «Алматы» телеарнасы, Астана