Өңірде 590 мәдени ескерткiш мемлекеттiк қорғауға алынған
Мемлекет қорғауындағы ескі молаларға туысын әкеп жерлейтіндер көбейген. Ежелгі мұраларды сақтап қалудың орнына, заңсыз құрылыс жүргізетіндер осылайша, аспан астындағы мұражайдың тарихи қалпына залал келтіріп отыр.
Жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен Маңғыстауда қола дәуірінің, қала берді ғұндар мен оғыздардың құнды ескерткіштері бар. Өңірде тас дәуiрiндегі елдiмекендердің орны, қола мен темiр дәуiрiндегі дiни-қабiрлеу кешендерi, сондай-ақ Ұлы Жiбек жолындағы сарай-бекіністер шоғырланған. 176 кешен мен 64 қала құрылысының ескерткіші бар. Алда Алтын қазған мен Қарақабақ жерінде қазба жұмыстары жүрсе, көшпелі ғұндардың жәдігерлері зерттелмек. Ғалымдар «мұның өзі көпке киноиндустрия арқылы танылған Ертұғырыл мен Алып Арыстанның Селчук империясы Маңғыстаудан басталады дегенге дәлел» дейді.
– Оғыздардың мемлекет құрып, осы арадан Осман империясын ұлғайтуға жер жаулауға аттанып кеткенінің дәлелі. Жер, қорымдар атауы оғыздарға тән атаулар. Сондықтан үлкен ғалымдар түркі әлемінің астанасы Ақтау қаласы болатыны туралы дұрыс шешім тапты, – деді Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының директоры Нұрлан Құлбай.
Тарихи мұра Маңғыстауда толып тұр дейік. Оның 590-ы мәдени ескерткiш есебінде мемлекеттiк қорғауға алынған. Тіпті жиырмасы республикалық мәртебеге ие. Тағы 13 мыңнан астам ескерткіштің төлқұжаты бар. Мұның бәрін санамалап айтуымыздың себебі – өңірдегі заңсыз құрылыстың көбеюі. Заңды белшеден басып, ежелгі ескерткіштердің тарихи сипатын бұзатындар ата-баба моласының маңына туыстарын жерлеуді сәнге айналдырған. Ал жылдар бойы жүзеге асып келе жатқан істен жауапты органдардың хабары жоқ.
– Мемлекет қарауындағы жерлер болған соң мұнда жерлеуге рұқсат етілмейді. 1,8 гектар жер ашық аспан астындағы мұражай, қорым ішінде, тіпті жерленбейді. Ал Қошқар ата күмбезі тұрған 16 гектар бос орын бар, – деді қорымның күзетшісі Тұрғанбек Дүйсекеш.
Мамандар мұндай бассыздықты біржақты шешу үшін "Тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану" заңын жетілдіру керек дейді.
– Заңдарға өзгеріс жасауымыз керек. Үлкен сомада айыппұлды көбейту керек. Әкімдіктер ескі қорым жанынан 100-200 м қашықтан жер телімін бөліп берсін. Бірақ ескерткіштердің жанына мәйтті жерлеуге болмайды, – деді Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының директоры Нұрлан Құлбай.
Қазір мұндай заңсыз құрылысты салғандар бар-жоғы 30 мың теңгеден асар-аспас айыппұлмен құтылып жүр. Ал қазақтың қатпарлы тарихына қауіп төніп жатқанын ескерген ешкім жоқ.
Жазира Қуанышбекқызы, Мұқағали Нұрдәулет, «Алматы» телеарнасы Маңғыстау облысынан
Оқи отырыңыз: Алматыда «Қара қобыздан «Сазген сазына» дейін» атты кітап жарық көрді