Мәжілістің кеңейтілген отырысы – қаңтар оқиғасына саяси баға берудің бастамасы – мәслихат депутаттары

Коллаж: Almaty.tv
Коллаж: Almaty.tv
Қаңтар оқиғасы бойынша 3770 қылмыстық іс қозғалған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде болған жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты қоғам арасында түйткілді сұрақ көп. Оларға ашық әрі анық жауап берілуі үшін жауапты министрліктер жаңа деректерді ашып жатыр. Мәжілістің кеңейтілген отырысы осыған арналған еді. Осы ретте қоғам белсенділері мұны қаңтар оқиғасына саяси баға берудің бастамасы деп отыр. Ел Тәуелсіздік алғалы еліміз мұндай ауыр қасіретті алғаш өткерді. Ендігі міндет – оның қайталануына жол бермеу, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

 

Мәжілістің кеңейтілген отырысында қаралған мәселенің бірі – зардап шеккен кәсіпкерлердің шығынын өтеу. Салаға жауаптылардың айтуынша, қазір олардың жартысынан көбі мемлекет тарапынан өтемақы алып үлгерген. Алматы – ел экономикасының драйвері екенін ескерсек, қазір оның әлеуетін көтеру жайы күн тәртібінде тұр. Республика бойынша шағын және бизнес субъектілірінің 40 пайызы осы мегаполисте жұмыс істейді. Қаладағы әрбір алтыншы алматылық кәсіппен айналысады.

«Оның ішінде 10 млн теңгеге дейін өз ақшаларын алды. Сонымен қатар басқа да көмектер бар. Арендадан босату және коммуналдық төлемдер бар. Оны да босаттық», - деді қалалық мәслихат депутаты Ерболат Қасымов.

Қазір қазақ қоғамында аузы дуалы ақсақал мен ақ жаулықты әженің институы әлсіреп барады. Қаңтар оқиғасының тұтануына бірден-бір себеп болған мәселе ұлттық тәрбиеге тікелей байланысты. Белгілі жазушы Қали Сәрбсенбай осылай дейді. Оның пікірінше, тал бесіктен берілетін тәрбиенің бастауы қолға алынбай, ұлттық сана жаңғырмайды. 

«Біздің бабаларымыз, даналарымыз жазып кеткен дала дәптері бар ғой. Керемет ұлағат сөздері бар. Қазақ «Ұлың ұялтпасын, қызың қызартпасын» деп айтады. Біз батысқа көп еліктейміз. Бұл басы ашық тұрған мәселе. Еліктеме демейміз, олардан жақсысын алу керек. Батыстың тозығы бізге озық сияқты көрінбеуі тиіс», - деді қалалық мәслихат депутаты Қали Сәрсенбай.

Ел Президенті құқық қорғау және арнаулы органдарға қаңтар оқиғасы себептерін егжей-тегжейлі тексеруді тапсырды. Бұл фактілер бойынша қазір 3770 қылмыстық іс қозғалған. Оның басым бөлігі Ішкі істер министрлігінің өндірісінде қаралып жатыр. Қалалық мәслихат депутаты Әлібек Шәпенов бұл жұмыстардың бәрі де халық алдында ашық қаралуын ұсынады.

«Мемлекет тергеп жатқан әрбір іс халық мүддесіне шешілуі керек. Тергеудің әділ өтіп жатқанына еш күмән болмауы керек. Бұл бізге нені көрсетеді? Алдағы уақытта осындай қасіреттің орын алуына көмектеседі», - деді қалалық мәслихат депутаты Әлібек Шапенов.

Қазір сәт – қазақ үшін сын сағат. Өтпелі кезеңде бірлігі мен ынтымағы мығым болған елдің ғана іргесі берік. Қоғам белсенділері мен тәуелсіз сарапшылардың ортақ пікірі осындай.

Ұлағат Арғын, Ялкунджан Әшімжанов, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров