Әкімдік өкілі жұмыстар жоспар бойынша 15 қараша күні аяқталады дейді
Нұр-Сұлтан қаласындағы «Достар" шағын ауданының тұрғындары қар түскенде құбырлар салу жұмыстарының жүргізіліп жатқанына наразы. Жарты жылдан бері үйлерінің маңындағы қазылған жерлерге құлап кетеміз бе деген үреймен жүргендерін айтады. Жергілікті әкімдікке жұмыстардың баяу жүріп жатқанын да қаншама рет жеткізген. Алайда ешқандай шара қолданбаса керек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Нұр-Сұлтан қаласындағы «Достар» тұрғын үй кешенінің тұрғындары тамыз айынан бері аумақта жүргізіліп жатқан құбырларды ауыстыру жұмыстарынан әбден шаршаған. Мына орылған жерлер олардың жүріп-тұруына, көлікпен өтулеріне ыңғайсыздық тудыруда. Тіпті ымырт түскенде балалары мектептен қайтып келе жатып құлап кете ме, деп үрейленетіндерін айтады. Титықтарына тигені – қар түссе де жұмыстың жалғасып жатқаны,
Өздеріңіз көріп тұрғандай, мына тастар қойылған жерден бала түгілі ересектердің өтуі қиын. Мертігіп қалуға да болады. Тіпті мынадай кедергілер де бар. Ал, жолдың арғы бетіндегі қоқыс жәшіктеріне өту мүмкін болмағандықтан тұрғындар қоқыстарын осылай тастап кетуге мәжбүр.
Тұрғындардың сөзінше, жүргіншілер мен көлік жолдарының астына осындай құбырлар жүргізілген. Бір күні құбырлар жарылып, не көліктерді зақымдайды, не болмаса үйлері құлап қалама деп қауіптенетіндерін жеткізді. Мәселені айтып бармаған, домалақ арыз жазбаған жерлері қалмаған.
«Біздің үй мен құбырлар желісінің арасы 1 метр ғана. Менің білуімше, заң бойынша кемі 3-5 метр болуы керек. Олар құбырларды жүргізе бастағанда, біз үйде сілкініс болғандай сезіндік. Көліктеріміз тұрған жердің астынан құбырлар өтеді. Құдай сақтасын, бірақ ертең апат болса, кім жауап береді? Біз осыдан қорқып отырмыз», - деді тұрғындардың бірі Ботакөз.
Ал Нұр-Сұлтан қаласы Алматы ауданының әкімдігі жылу құбырлары желісін салмас бұрын барлық рұқсаттама алынып, техникалық сараптамалар жүргізілгенін айтады.
«Достар-3» тұрғын үй кешені ауданында Мақтамкөл-Рұсқылбеков қиылысында бой көтеріп жатқан көпқабатты үйге сыртқы жылу желілері салынып жатыр. Тапсырыс беруші - «Астанатрансстрой» ЖШС. Бұл желілерді тарту жобасы тиісті сараптамалардан өткен. Сәулет басқармасымен барлығы келісілген», - дейді Нұр-Сұлтан қаласы Алматы ауданы инспекция бөлімінің бас маманы Роллан ӨСКЕНБАЕВ.
Әкімдік өкілі жұмыстар жоспар бойынша 15 қараша күні аяқталады дейді. Алайда 1-2 күн ішінде құбырлар салу жұмыстары толық аяқталады дегенге сену қиын. Егерде мердігер уақытылы аяқтамаса, Заң жүзінде жауапқа тартылатынын да айтты. Сонымен қатар жұмыстар толық біткен соң ол аумақта абаттандыру жұмыстары жүргізіледі-мыс.