Алматыдағы аумақтық қорғаныс бригадасында қызмет етуге өтінім бергендер саны артты

Almaty.tv
Almaty.tv
Биыл 70-ке жуық азаматты шақыруды жоспарлаған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыдағы аумақтық қорғаныс бригадасы келісімшартпен қызметкерлер қабылдап жатыр. Биыл 70-ке жуық азаматты шақыруды жоспарлаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Соғыс жағдайында қаладағы маңызды нысандарды күзетуге, төтенше жағдайда құтқару жұмысын ұйымдастыруға жауапты аумақтық қорғаныс бригадасына адам тарту қарқынды жүріп жатыр. Әскери шенділердің сөзінше, қаңтардың басынан бері 21 адам келісімшарт бойынша қызмет етуге өтінім берген. Олардың арасында қыздар да бар. Соның бірі – 21 жастағы Алматы тұрғыны Ақнұр Елубаева.  

– Негізгі мамандығым – ЭВМ операторы. Жеке компанияда бухгалтер болып жұмыс істеймін. Ал бала кезден әскери адам болғым келген, – деді қала тұрғыны Ақнұр Елубаева.

Қызметке 18-32 жас аралығындағы әскери билеті бар барлық азамат қабылданады. Олармен кемі 3 жылға келісімшарт жасасу көзделген. Алайда қатарға алмас бұрын бәрі тексерістен өтеді.

Келісімшарт бойынша әскери қызметке алынған азамат жұмысына кіріспес бұрын алдымен оқу курсынан өтеді. Техникалық қауіпсіздік ережесі, қару-жарақтың қыр-сыры, әскери тактика түсіндіріледі. Себебі контракт бойынша келгендердің арасында әскери борышын 5-6 жыл бұрын өтеп кеткен адамдар да болуы мүмкін.

Оқудан кейін қызметкерлерге жаттығу өткізу, теориялық сабақ беру сынды міндеттер жүктеледі. Төтенше жағдайға дайындығын пысықтау үшін жылына 2-3 рет полигонға жіберіледі.

– Аумақтық қорғаныс бригадасына қабылданған, жұмысқа тұрған әскери қызметшілер қызметін Алматы қаласының шеңберінде ғана өтейтін болады. Төтенше жағдайда олар құтқару, көмек беру жұмыстарына, мемлекеттік нысандарды күзетуге жіберіледі, – деді Аумақтық қорғаныс бригадасының № 99200 әскери бөлімінің командирі Ержан Рымбек.

Келісімшартпен қатарға қосылғандарға заңға сәйкес міндетті жалақы төленеді және тегін медициналық қызмет көрсетіледі. Сонымен қатар демалыс кезінде айлық сақтау мен мемлекет есебінен санаторий немесе курорттық жерде емделу кепілдігі берілмек.

Оразай Нұртайұлы, Ернат Болатбек, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматы әкімдігінде сейсмикалық қауіпсіздікті күшейту басқармасы құрылады

Новости партнеров