Базардағы былық: тараздық кәсіпкерлер неге 7 миллион теңге төлеуі тиіс

Almaty.tv
Almaty.tv
Ал сауда алаңының иесі құрылыс бастау үшін әкімдіктен рұқсат алмаған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Тараздық 120 кәсіпкер «Сауда жасап отырған орнымыздан айырылатын болдық» деп шырыл қағады. «Береке» базарының басшылығы модернизация жасау үшін әр азаматтан 7 миллион теңгеден сұраған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Береке» базарының иесі ауысқалы мұндағы 120 саудагер күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылған. Себебі сауда орнының жаңа иесі бір апта бұрын «базарды модернизациядан өткіземін» депті. Бірақ сол үшін құрылыс ақысын ел-жұрттан талап еткен.

– Бес күн болды, құрылыс жұмыстары басталды. Сол кезде «2 млн теңге төлейсіздер» деді. Күнделікті күнін көріп жүрген адамдар несие төлейді, ондай ақшасы жоқ, – деді кәсіпкер Айсұлу Байсейітова.

Базар басшылығы ең кіші деп саналатын 24 шаршы метрлік орын үшін 7 миллион теңге сұраған. Бірақ жұрт олардың мұндай бағаны қайдан алғанын түсіне алмай дал. Ал жақын маңдағы жаңғыртылған сауда орындарында мүлдем басқа баға көрінеді.

– Қасымызда «Ауыл-береке» базары бар. Ол жердің қожайыны Алтай мырза «модернизация жасаймыз, алдын пластикпен жауып береміз» деген. Халық жылы жерде отырады.  Ақшасы 1 млн 200 мың теңге болған.  Ал бізге7 млн теңге сұрап жатыр, – деді кәсіпкер Айгүл Бақбергенова.

Кәсіпкерлер сауда орнын жалға алу туралы келісімшартты келер жылға дейін жасаған. Дегенмен басшылық оған қарамастан базарды жаңғыртамын деп, алған бетінен қайтпай отыр. Анығын білмекке алдына барып едік, азамат сұхбат беруден бас тартты. Амалы таусылған кәсіпкерлер облыс әкімдігінен көмек сұрап келді. Ал сауда алаңының иесі құрылыс бастау үшін әкімдіктен рұқсат алмаған.

– Инвестордың ақша сұрағаны заңға қайшы. Заң бойынша базар басшысы 100 пайыз өз қаражатына салуы керек. Қазір басшысы өзі салатынын айтып, уәде берді, – деді кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Айдын Алтай.

Базардағы былық жергілікті биліктің бақылауында болады. Сонымен қоса, тиісті құжаттамасы да бастан-аяқ қаралатын болды. Ал кәсіпкерлік бөлімінің басшысы «базар жаңғыртудан өткен соң, саудагерлер еш қиындықсыз орындарына жайғасады»деп уәде берді.

Нұрғиса Қаржаубай, Мейіржан Бейсебай, «Алматы» телеарнасы, Тараз

Оқи отырыңыз: Жұмбақ өлім: Ақтөбеде көз жұмған жеткіншектің өліміне қатысты тың мәлімет белгілі болды

Новости партнеров