|
13.01.2023 | 20:49
5849

Қаржылық кеңес: AMANAT партиясы ашық есік күнін өткізді

«Қолдау» орталығы бір терезе қағидаты бойынша жұмыс істейді

Қаржылық кеңес:  AMANAT партиясы ашық есік күнін өткізді Almaty.tv

Алматыда былтыр 3 мыңнан аса кәсіпкерлік жоба мемлекеттен қолдау тауып қаржыландырылған. Гранттар мен субсидия бөлу биыл да жалғаспақ. Бүгін AMANAT партиясы қаржылық әрі құқықтық кеңестер беру мақсатында тұрғындарға ашық есік күнін өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бүгін AMANAT партиясы халыққа көмек жобасы аясында кәсіпкерлікті дамытуға мүдделі ұйымдардың басын қосты.

«Тұрғындарға қаржылық және құқықтық кеңес берілді. Мақсат – тұрғындарға мемлекеттік және республикалық бағдарлама аясында берілетін грант пен қаржылық қолдау ісін халыққа таныстыру», – деді AMANAT партиясы қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Эльмира Омарова

Кәсібін дамыту үшін қосымша қаржы көзін іздеген не іс бастауға ниеттенген халық аз емес. Саудамен айналысуды, әлеуметтік жобалар жасауды көздегендер көп екен. Өндіруші өнеркәсіп, білім мен денсаулық саласына арналған жобаларға қолдау мол.

«Теплицам, саңырауқұлақ өсіретін жертөлем де  бар. Сонымен айналысамын. Тауық асырауға шағын орным бар. Маған ұнағаны микроқаржылық ұйым бар екен. Олар 6 млнға дейін кепілсіз несие береді екен. Маған артық ақша керек жоқ. Шаруашылығымды кеңейту керек», – деді кәсіпкер Нұртай Нұрмағамбетов

«Қалай 2 пайызбен құрал-жабдық алуға болды? Кеңес алуға келдім. Соның сұрағын шешуге кәсіпкерлердің басын қосып жатырмыз. Бізге керекті ӘКК, «Қолдау», «Алматыфинанс» сынды ұйымдар бар екен», – деді «Рахым» әлеуметтік үйі ҚҚ басшысы Бибінұр Шерәлиева

Шағын және орта бизнесті дамыту үшін былтыр 48 млрдтан аса қаржы бөлініпті. Яғни 3 мыңнан аса жоба қаржыландырылған. Сол сияқты 2 мыңға жуық жоба субсидияланған.

«Сондай-ақ кәсіпкерлікті дамытудың Ұлттық жобасы шеңберінде қайтарымсыз түрде 5 миллионға дейін берілетін грант та қарастырылған. Былтыр 690 млн теңге бөлінді. Конкурстық комиссия 264 жобаны мақұлдап, қолдау көрсетілді. Бұл грант халық арасында кеңінен танымал. Биыл 500 млн теңге қаржы бөлініп қойды. Наурыз, сәуірде бөлуді жоспарлап отырмыз», – деді кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының бөлім басшысы Әділ Жанкин  

Бизнес өкілдеріне жәрдем беру үшін «Қолдау» орталығы бір терезе қағидаты бойынша жұмыс істейді. Онда кәсіп бастаудан бастап, оқыту, жоспар құру, әрі қарай дамыту, қаржылай көмек беру сияқты қызмет толық кешені ұсынылады.

Назкен Еркін, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир