|
04.02.2020 | 20:50
4106

Алматылықтар Турксіб ауданы әкіміне қордаланған мәселелерін жайып салды

Бақытжан Ақжаров ауданға әкім болып тағайындалғанына ай толмаса да өңірдің біраз мәселелерімен танысып үлгеріпті

Алматылықтар Турксіб ауданы әкіміне қордаланған мәселелерін жайып салды Almaty.tv

«Әкім бол, халқыңа жақын бол!». Осы қағиданы берік ұстанған шаһардың аудан әкімдері тұрғындармен жиі кездесулер өткізіп келеді. Мәселен, өткен жылы Түркісіб ауданы бойынша тұрғындардан  жалпы саны 1300-ден астам арыз-шағым мен ұсыныстар түскен. Олардың 200-дейі шешімін тапса, 600-дей өтініш қаралу үстінде. Ал, 400 ұсыныс бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бақытжан Ақжаров ауданға әкім болып тағайындалғанына ай толмаса да өңірдің біраз мәселелерімен танысып үлгеріпті. Ішінде ауыз толтырып айтатын жетістіктер де бар. Біраз аулалар жаңартылып, ағаш егіліп, ескірген жолдар жөнделген. Биылғы жылға жоспар да аз емес.

«Биыл ауданда үш жаяу жүргіншілер өткелі салынады. Олар Майлин мен Тоқай көшелерінің қиылысында және "Чайка" дүкенінің маңындағы Огарев көшесімен тоғысқан тұста бой көтереді. Әзірге Шолохов көшесіне күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Ал, Нұршашқан мен Қайрат елді мекендерінде жолдарға жасау бойынша жобалық сметалық құжаттар әзірленіп жатыр», – деді Түркісіб ауданының әкімі Бақытжан АҚЖАРОВ.

Ауданда әлі де қордаланып қалған мәселе жетеді. Осы олқылықтарды білу мақсатымен  қалалық әкімдік тарапынан тұрғындармен тығыз байланыс орнатылған. Кездесуде  тұрғындар әкімге бірнеше сұрақтар қойып, жауап алды.

«Жеті жыл болды документімізді заңдастыра алмай жүрміз. Қайрат ауылынан. Мен сіздің өткен жиналысыңызда сұрақ қойған болатынмын. Соның нақты жауабын берсеңіз. Өткенде осымен үшінші рет уақытын ұзартуға құжат өткіздік. Ұзартпай жатыр», – деді Түркісіб ауданының тұрғыны Ұлан ШӘКЕНОВ.

Бұл жолы тұрғынның сұрағына қала әкімі Бақытжан Сағынтаев өзі жауап берді.

«Өткенде де айтылған осы мәселе. Тұрғындардың өтініші бойынша біз үкіметпен хабарласып, парламентпен келісіп қазір заңға өзгеріс еніп жатыр. Жақын күндері заң шығады. Қалай заң шығады, солай шешім қабылданады. Шыдамдылық керек», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Бүгінгі кездесуде тұрғындар қойған сұрақтарының жауабына қанағаттанып қайтты. Тікелей сұрақ қоя алмағандар өтініштерін жазбаша түрде қалдырды. Жиынға қатысқан қала әкімі де барлық ұсыныстар ескерусіз қалмайды деп уәде берді.

Қуан Нұрақын, Әрсен Сәндібаев, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

След. →
Прямой эфир