|
26.10.2020 | 22:51
8286

Музыкаға қабілеті ерекше дарынды бала: сал ауруына шалдыққан жеткіншектің тәлейлі тағдыры

Ол 5 жасқа дейін аяғын нық басып жүре алмаған

Музыкаға қабілеті ерекше дарынды бала: сал ауруына шалдыққан жеткіншектің тәлейлі тағдыры

Шын талантқа тұсау жоқ. Нұр-Сұлтанда церебралды сал ауруымен ауыратын Ербол Закария есімді бала пианинода шебер ойнайды. Белгілі композиторлардың туындыларын орындап қана қоймай, өзі де әуен жазады. Ол 5 жасқа дейін аяғын нық басып жүре алмаған. Ал, қазір велосипед теуіп, ат үстінде шапқанды жақсы көреді. Сурет салу да сүйікті ісі. Мүмкіндігі шектеулі дарынды бала туралы Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек айтып берсін.

Ербол Закарияның ата-анасы балаларының бойындағы талантты ерте жасынан байқаған. Ол кезде церебральды сал ауруы диагнозымен туылған және көзі көрмейтін ұлының фортепианода күрделі классикалық шығармаларды орындайтынына, тіпті өзінің музыкалық композицияларын жазатынына сенбеген. Ербол ноталарды көрмейді және оқымайды, бірақ музыканы жақсы сезінеді. Ата-анасы дәрігерлер үміт сыйламаса да, қиындықтарды еңсеріп, ұлдарын ер жеткізгенін айтады.

«Бұл баланы ешкім үйреткен жоқ музыкаға. Өзі отырды пианиноға. Сол пианино арқылы еңбектеді. Пианиноның қасына барады, тұрады, ойнайды. Бұл баланың қолдары қимылдау керек болды. Жүрісі жақсы болуы керек болды. Сөйтіп, пианино арқылы бұл бала өсті. Дәргерлер көзі көрмейді, бұл адам болмайды деді. Тфәй-тфәй, өзі адам болып өсті», – деді анасы Риза Закариянова.

Баланың бойындағы ерекше қабілетті қор қылмайық деген ата-анасы оны жектектеп музыкалық мектепке әкеледі. Ерболдың ән-күйге деген ынтасы мен аспапқа деген қызуғышылын көрген ұстазы да қайран қалады. Енді, міне, төрт жылдың ішінде талантымен тәнті етіп, түрлі іс-шараларға, байқауларға қатысқан.

«Ол өте музыкалық жағынан дарынды бала. Бірегей, шын мәнінде құбылыс деп айтуға болады. Жүрегінен ән әуелеп, ерекше шығармалар туады. Оның музыкасының барлығы әртүрлі. Ешқашан біріне-бірі ұқсамайды. Сондай үйлесімді, жан тебірентерлік», – деді педагог Алма Әбдірахманова.

Ерболдың дарынын ары қарай дамыту үшін әкесі оған нота үйретуге тырысып жүр. Бос уақытында ұлымен бірге велосипед теуіп бой жазады. Ал анасымен бірге бала сурет салып, түрлі қолөнер туындыларын жасайды. Ендігі олардың өмірдегі басты арманы Ерболға музыка мектебін сәтті аяқтатып, «Шабыт» шығармашылық сарайында білімін жалғастыру.

Асылбек Тойбек

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир