Мұндай болжамды еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов жасады
Жылдың соңына дейін жұмыссыздық деңгейі 5,9 пайызды құрамақ. Мұндай болжамды еліміздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов жасады, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Егер карантиндік шаралар маусым-шілде айларында жеңілдетілсе, жұмыспен қамтуды толықтай қалыпқа келтіру биылғы жылдың 4-тоқсанында басталады. Жылдың қорытындылары бойынша төтенше жағдайға дейін 4,8 пайызды құраған жұмыссыздық 5,9 пайызды құрамақ. Десе де үкіметпен жұмыспен қамтудың жол картасы іске қосылды. Бұдан бөлек, «Еңбек» бағдарламасының жаңа мүмкіндіктері қарастырылуда. 2020 жылы 1 миллион 200 мың адамды жұмыспен қамтимыз деп көздеп отырмыз», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан НҰРЫМБЕТОВ.
Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев елімізде қанша отбасы коммуналдық қызметтерге 15 мың теңге өтемақы алатынын айтып берді. Анықталғаны, бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 49,3 миллиард теңге қаражат бөлінген. Әлеуметтік аз қамтылған 7 топ белгіленді.
«Біздің министрлік жергілікті атқарушы органдардан бұл жеті топтағы адамдардың тізімдері алынды. Барлығы 1 миллион 600 адам осындай көмекке зәру екен. Барлық қажетті шаралар жүргізілген. Құжаттар алынған. Осы айдан бастап барлық қаржы көздері жергілікті атқарушы органдарға берілетін болады. Коммуналдық қызметтерге төлем жүргізу басталады», – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бірінші орынбасары Қайырбек ӨСКЕНБАЕВ.