Мамыр айында инфляция 0,6 пайызды құраса, жыл басынан бері 2,4 пайызға өскен
«Азық-түлік бағасын өсірмеңіздер» – Үкімет отырысында аймақ басшыларына осындай тапсырма берген ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин өңірлердегі инфляция мен оның шектен шығуын біліп отырғанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Үкімет басшысы әсіресе, Атырау, Маңғыстау облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласында баға өсімінің жоғары екендігін атап өтті. Айта кетсек, мамыр айында айлық инфляция 0,6 пайызды құраса, жыл басынан бері 2,4 пайызға өскен.
«Бұл негізінен агороөнеркәсіп тауарлары бағаларының өсуінен болып отыр. Қазір – жеміс-жидек пен көкөністердің маусымы, сондықтан бағалар арзандатылуы керек. Әкімдер, әсіресе әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақты ұстау бойынша нақты шаралар қабылдасын», – деді ҚР Премьер-министрі Асқар МАМИН.
«Жаңа жұмыс орындарын ашу – Үкімет жұмысының басты міндеті»,– деген Үкімет басшысы аталған жиында биыл республикалық бюджеттің 510 миллиард теңгеге артып, 4 триллон теңгеге жеткенін хабарлады. Қаржының көп бөлігі халықтан жиналған салықтан түскен.