Қазақстанда темекі өнімдері қымбаттады

twitter.com
twitter.com
Дәрігерлер темекінің денсаулыққа зиян екенін ескертеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда жаңа жылдан кейін темекі өнімдері қымбаттады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Енді ең арзан шылымның құны 650 теңгеден басталады. Десе де, шарықтаған құн халықты зиянды әдеттен арылтуға себеп болмай тұр. Өйткені, ресми дерекке сүйенсек, қайта темекіге деген сұраныс артпаса, кемімегені байқалады. Ал дәрігерлер қымбатшылықты алға тартып, темекі тұтынатындарға зиянды әдетті тастауға кеңес береді.

2022 жылы қазақстандықтар 15 миллиард темекі қолданған. Бұл ұлттық статистика бюросының берген мәліметі. Оның зияны да байқалады. Өйткені, 23 мың азамат жыл сайын шылымның кесірінен түрлі ауруға шалдығып, көз жұмады екен. Өз кезегінде, үкімет темекі тұтынуды азайту мақсатында жыл сайын акциздердің құнын қымбаттатып келеді. Дегенмен, бұл әрекет те темекі тартатындар санын азайтуға тосқауыл бола алмай тұр.

«Темекі бағасының қымбат болуы және қолжетімсіздігі ғана оны қолданудан сақтайды деп есептеймін. Қымбатшылықты қалта көтермей кеткенде ғана зиянды әдетті қойып кетуге бір себеп болуы мүмкін. Өз байқағаным, темекінің бағасы өсіп, оны тұтынатындардың қарасы азайып келеді. Бұл тенденция жалғаса беруі керек», – деді экономист Арман Бейсембаев

Қымбатшылықты қарапайым халық та байқаған. Егер темекі өнімдеріне баға осылай шарықтай берсе, сатып алуды қоятынын алға тарса, егде жастағылар оның исінен-ақ басы ауыратындарын айтады. Сондықтан көпшілік орында темекі шегетіндерге әдеттен арылса деген игі тілектері бар.

Осы тұста дәрігерлер де жаттанды болса да темекінің денсаулыққа аса зиян екенін ескертеді. Соңғы уақытта бұл ерлер арасында белсіздікті тудырса, ал әйелдер арасында ерте кездегі түсікке себеп болады.

«Темекінің құрамында 12 мың түрлі химиялық қоспа болса, оның 196-сы ең қауіпті, улы болып саналады. Олар темекіні ең бірінші шеккеннен бастап, бас миының қан тамырлары тарылады. Біртіндеп ұзақ уақыт шеккен адамдарда жүрек-қан тамырлары, өкпе, асқазан, ішек жолдарының ауруларына пайда болады. Темекінің ең қауіптісі жасөпсірімдер арасында мидың дамуын тез тежейді», – деді қалалық №4 емхананың жастар денсаулық орталығының жетекшісі Гүлнұр Лаубаева

Қаңтардан бастап вейптердің бағасы да өзгерді. Енді ондағы миллилитр сұйықтықтың құны 8 теңгеден 53 теңгеге, яғни 7 есеге көтерілген. Ал болашақта Қазақстан бұл құрылғыны тіпті тыйым салуды көздейді.

Жадыра Омаржан, Рустам Аралбаев, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров