Терезені ашудан қалдық: ауыл тұрғындары тері өңдеу зауытының жұмысына наразы

Almaty.tv
Almaty.tv
Тұншыққан тұрғындар ойын балаларын қысы-жазы үйде ұстап отыруға мәжбүр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бес жылдан бері үй маңындағы тері өңдеу зауытынан құтыла алмаған Жетісу облысының жұрты әкімдікке наразы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Көксу ауданы, Балпық би ауылының тұрғындары қыстың аязы мен жаздың аптабында есік-терезені қымтап отыруға мәжбүр. Өйткені мүңкіген иістің кесірінен ауылда түрлі ауру пайда болған. Ал мұның бәріне мал терісін өңдейтін зауыт себеп. «Қабылданған тері апталап сасып жатады» деген көпшілік таза ауаның арманға айналғанын айтып, мұң шақты.

– Сасық иіс, шошқаның иісі мұндай болмайды деп ойлаймын. Отырсаң, көзіңнен жас шығады, – деді Балпық би ауылының тұрғыны Оралбек Зияданов.

– Терезені аша алмайтын болдық. Ауруханада емделіп шықтым. Ауа жетпей, өліп қала жаздадым, – деді Балпық би ауылының тұрғыны Қайрат Жанғазинов.

– Бұрындары үйге қонақ келгенде бақшада демалушы едік. Қазір далада жүрудің өзі қиын. Иіс киіміңе сіңеді. Ал аулада кір жая алмайсың. Өйткені иіс сіңген киім тіпті, киюге жарамай қалады, – деді Балпық би ауылының тұрғыны Владимир Захаров.

Тұншыққан тұрғындар ойын балаларын қысы-жазы үйде ұстап отыруға мәжбүр. Ал мәселенің ең сорақысы – экологияға төнген қатер. Өйткені азаматтардың сөзіне сенсек, тері жуған су канал арқылы ағып, Көксу өзеніне құятын көрінеді. Салдарынан аймақтағы демалыс орындары да малдың өлексесіне айналған.

– Көксу ауданының орталығында тұрамыз. Орталық деген аты ғана, көшеде тазалық деген атымен жоқ. Малдың өлексесі мен ішек-қарыны аққан соң, қазір өзенде балық жоқ. Жазда өңірде демалуды ұмыттық, – деді Балпық би ауылының тұрғыны Абай Желтіков.

Ауласында аппақ құрт өріп жүрген өндіріс орны басшысына тұрғындар талай мәрте ескерту жасапты. Тіпті әкімдікке де шағым айтып келген. Алайда еш нәтиже байқалмайды. Ал кәсіп ашып, нәпақасын тапқысы келген азамат жұмыс бастамас бұрын ресми органдардан рұқсат алдық, бәрі заңды деп отыр.

– Көршілерден рұқсат алмадық, бірақ сұрап, айттық. Бұл кісілер «сасытпай, тазалап тұрсаңыздар болды» деген. Ешқандай сасық иіс жоқ. Аз ғана терінің исі шығады, – деді кәсіпкер Қуаң Тұрай.

Жұрттың мазасын алған жайттан жергілікті әкімдік те хабардар. Олар кәсіпкердің жұмысына біржақты тосқауыл қоя алмайтынын айтты. Дегенмен тиісті тараптарға арыз жазылған.

– Ол – жекеменшік жер. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелген. Мамандар жұмада келіп, бәрін тексереді. Ережеге сай ма, ауылдан қанша шақырым болуы керек деген мәселелерді тексеріп, егер жабу керек болса, жабады, – деді Балпық би ауылдық округінің әкімі Төлеген Қожабеков.

Ауасы бұзылып, алқымнан алғанда амалсыз бас көтеруге мәжбүр болған көксулықтар аталған нысанды шалғайға көшірмейінше «тыныш таппаймыз» деп отыр.

Диана Тұрлыбек, Мирас Анитов, «Алматы» телеарнасы, Жетісу облысынан

Оқи отырыңыз: Заңсыз нысан: кірпіш зауытының сүрілуіне не кедергі

Новости партнеров