Алматының бас басылымдары «Алматы ақшамы» мен «Вечерняя Алматы» газеттерінің ұжымы еріктілермен бірге карантинде жатқан қала жұртшылығына азық-түлік қоржынын таратты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Басылым өкілдерінің айтуынша, үйде жатқан адамға ас-ауқатқа қоса рухани азық та ауадай қажет. Сондықтан газеттің кезекті санын үйге дейін жеткізіп беруге бел буыпты.
«Үйде отырып қаланың жаңалығымен танысып, оқып біліп отырсың. Көшеге шығып, дүңгіршектерден газет алатындай жағдай жоқ қазір. Біздің халқымыз қашанда төзімді, шыдамды, сабырлы болып келген. Махамбет айтқандай «Егеулі найза қолға алып, еңку-еңку жер шалып» еңбек ететін кез болып тұр ғой. Әр кездің өзінің бір майданы болады. Бүгін біздің журналистерімізде сондай халықпен бірге, еріктілермен бірге оқ пен оттың ортасында жүр десе де болады», – деді «Алматы ақшамы» газеті бас редакторының бірінші орынбасары Әнуарбек ӘУЕЛБЕК.
Алматы қалалық еріктілер штабының өкілдері елімізде төтенше жағдай жарияланғалы бері қыруар жұмыстар атқарып келеді. Ендігі жұмыс әдісі басқаша болмақ дейді ұйымдастырушылар. Тізім бойынша 18 мың аз қамтылған немесе көп балалы отбасыларға көмек қолын созуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, еріктілердің өзі әр үйге барар алдында сақтық шараларын қатаң сақтайды.
«Біздің бірінші мақсатымыз – үй-үйге азық-түлік жеткізуші еріктілердің қауіпсіздігі. Олар осы жерде медициналық тексеруден өтеді. Ұдайы дене қызуын қадағалап отырамыз. Бұл жерге кіру үшін бәріне қолдарына қолғап, медициналық бетперде, тіпті аяқтарына бахила кию міндеттеледі. Бұл жерде гуманитарлық көмек сақталатын болғандықтан, маңайдың бәрін құзырлы орган мамандары күзетеді. Жедел желілер мен мобильді көліктер де осы жерде», – деді Алматы қалалық еріктілер штабының үйлестірушісі Рафаэль ГАСАНОВ.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, осындай қиын кезде еріктілердің жұмысына түсіністікпен қараған жөн дейді. Себебі барлығы әр жерден «азаматтық міндетім» деп жиналғандар. Олар қызметіне бір тиын алмайды. Керек кезде бас қосып, өз ісінен ләззат алатын жандар. Тек тұрғындар тарапынан «рахмет» деген сөздің өзі жұмысымызға шабыт сыйлайды дейді еріктілер.
Қуан Нұрақын, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы