Алматыда 60 мыңға жуық тұрғынға коммуналдық төлем үшін 15000 теңге аударылады

inbusiness.kz
inbusiness.kz
Бұл туралы қалалық Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының басшысы Әсет Масабаев мәлімдеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда әлеуметтік аз қамтылғандар қатарындағы 60 мыңға жуық тұрғынға коммуналдық төлем үшін 15000 теңге аударылатын болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Бұл туралы қалалық Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының басшысы Әсет Масабаев мәлімдеді. Өтініштер мамыр айының соңына дейін қабылданады. Сонымен, коммуналдық төлем үшін 15 000 теңге кімдердің дербес шоттарына жіберіледі? Мұндай төлем қанша уақытқа дейін жүргізіледі.

Қазіргі уақытта көпшілікті толғандырып жүрген мәселенің бірі осы коммуналдық төлем. Арнамызға Қазақстанның барлық өңірінен аталған сұраққа қатысты түрлі видеолар келіп жатыр. Олардың қатарында көпбалалы аналармен, мүгедектер де бар.

БЛИЦ:

– Менің есімім  – Айгүл. Шымкент қаласынанмын. 8 балам бар. 8 баламен тұрған соң коммуналдық қызметтерге кішкене ақшамыз көбірек кетеді. Су, жарық, газға дегендей.

– Менің есімім  –  Ахметжанов Данияр. Мен бірінші топ көз мүгедегімін. Мен отбасыммен бірге пәтер жалдап тұрамын. Коммуналдық төлемге айына 34 мыңдай шығады. Мемлекет тарапынан осы карантин кезінде көмек болса, жақсы болар еді.  

Алдымен, коммуналдық қызметтер үшін төлем карантинге жабылған өңірлерде тұратын азаматтарына тағайындалады. Өз кезегінде қалалық Энерготиімділік және инфрақұрылым даму басқармасының басшысы Әсет Масабаев өтініш беруге асығудың қажет жоқ екендігін айтады. Себебі төлемдер өтінішсіз-ақ сәуір айының шығындары мамырда, ал мамыр айының шығындары маусымда төленетіндігін айтты. Ал, егер коммуналдық шығын 15 000 теңгеден көп шықса не істеу керек?

«Егер 15 мың теңгеден көп болған жағдайда, мәселен 23 мың теңге болатын болса, бір адамға дербес шотқа келген ақша, бұның ішінде жылуға 5570 теңге болатын болса, егер 15 мың теңгені бөлген жағдайда, ол (пропорционалды) 3632 теңге төлейді. Яғни, бұл жерде көрсетілетін коммуналдық қызметтерге байланысты бәріне теңдей бөлінеді», – деді  қалалық Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының басшысы  Әсет МАСАБАЕВ.

Енді, мұндай төлемді кімдер ала алады? Ең алдымен, 1, 2, 3 топтағы мүгедектер және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар. Сондай-ақ, көп балалы отбасылар мен Ұлы Отан соғысының ардагерлері. Мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді орындау кезінде, әскери қызметте, ғарышқа ұшуға дайындық немесе оны орындау кезінде, адам өмірін сақтау кезінде, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қорғауда қайтыс болған адамдардың отбасылары, ең төменгі зейнетақы немесе атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар, оның ішінде жалғыз басты зейнеткерлер.

ТӨЛЕМ АЛУШЫЛАРДЫҢ САНАТТАРЫ:

• 1, 2, 3 топтағы мүгедектер;

• мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;

• көп балалы отбасылар;

• Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары және мүгедектер мен оларға теңестірілген адамдар, Ұлы Отан соғысының қатысушылары;

• мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді орындау кезінде, әскери қызметте, ғарышқа ұшуға дайындық немесе оны орындау кезінде, адам өмірін сақтау кезінде, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қорғауда қайтыс болған адамдардың отбасылары;

• ең төменгі зейнетақы немесе одан төмен зейнеткерлер;

• атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар, оның ішінде жалғыз басты зейнеткерлер.

«Бір айта кетерлігі, Тұрғын үй заңының 2-бабына сәйкес коммуналдық меншікке тек: су, жылу, электр энергиясы, газ лифт және қоқыс шығару ғана кіреді», – деді  қалалық Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының басшысы  Әсет МАСАБАЕВ.  

Еске салайық бұған дейін Алматыда коммуналдық төлемдер кейінге шегерілген болатын. Бір ғана Алматы су холдингіне шамамен 700 жуық өтініш келіп түскен. Ондағы арыздардың барлығы ешқандай талапсыз қарастырылады, яғни кез келген алматылық төтенше жағдай кезіндегі төлемді шегеруге өтініш бере алады.

«Біздің ресми almatysu.kz сайтымызда арнайы бөлімше бар. Сол жерге кез келген тұрғын өтініш жазып қалдырса болады. Сонымен қатар, айппұлға қатысты сұрақтар туындап жатыр. Ешқандай да қосымша айыппұл салынбайды және тұтынушы өзі қанша пайдаланды сонша судың ақысын төлейді», – деді «Алматы су холдингі» МКК қоғаммен байланыс бөлімінің маманы Ақбота ЖЫЛЫСОВА.

Айта кетейін, 23 сәуірден бастап колл-орталық іске қосылады. Экранда көрсетілген 341-05-27 нөріне хабарласып толыққанды ақпарат ала аласыз.

Арнат Дүйсен, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы

Новости партнеров