Газ жоқ: шымкенттік жүргізушілер көлігін сатуға мәжбүр

Almaty.tv
Almaty.tv
Аймақтағы белсенділер бөлінген газдың межелі орынға жеткізілетініне күмәнмен қарайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шымкент қаласы мен Түркістан облысында көлік жүргізушілері автогаз алу үшін кезекте жарты күн тұруға мәжбүр. Өйткені аймақта сұйық отын жоқ, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жанар-жағармай бекетіндегі «газ жоқ» деген жазуға Шымкент пен Түркістан облысындағы көлік жүргізушілерінің еті үйреніп кеткен. Бірақ олар «күн өткен сайын автогаз алу үшін кезек күту жүйкемізді жұқартып барады» дейді. Өңірдегі мұндай жағдайдың салдарынан көлігі сұйық отынмен жүретін жүргізушілердің жолда қалуы жиілеген.

– Үш айдан бері газ жоқ. Уақыт газ іздеумен өтеді. Арасында тізім бойынша 80 көлікке құяды. Көтерсе бағасын көтерсін. Көлікті сатамыз ба, ойланып қалдық? – деді қала тұрғыны Давран Аблиев.

Ал мәселеге жауапты Энергетика министрлігі автогаздың азайып кеткенін айтты. Жоспар бойынша Түркістан облысына 11 мың 949 тонна, ал Шымкентке 6 мың 565 тонна сұйық отын бөлінген. Бірақ сұраныс әлдеқайда жоғары. Аймақтағы белсенділер болса, бөлінген газдың межелі орынға жеткізілетініне күмәнмен қарайды.

– Автогаз бен жанар-жағармай бөлу бойынша қоғамдық кеңес өткізуді сұраймыз. Бақылауды күшейту керек деп санаймын. Сонда автогаздың тапшылығы азаяр, – деді «Жанар-жағармай» ұйымының жетекшісі Қайыпбек Қамбаров

Тақырып төңірегінде сөз қозғаған сарапшылар автогаз тапшылығы жақын арада тыйылмайды деп болжайды. Бірнеше айға созылатын бұл жағдай түбінде бағаның қымбаттауына әкеп соқпақ.

Назерке Үкібасова, Александр Крапивкин, «Алматы» телеарнасы, Шымкент

Оқи отырыңыз: Шымкентте жол патрульдік полицейін пышақтап кетті

Новости партнеров